Республика күні қарсаңында “Қызылжар” креатив орталығында облыстық ҚАЖД 48-ші мекемесінің тәртіп сақшылары салтанатты жиын өткізді. Шара барысында мекеменің ардагерлері мен үздік қызметкерлері марапатталды. Бұл жандар егемен еліміздің дамуына адал қызмет етіп, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Олардың еңбектері еленбей қалмауы қажет.
БОЛАТ АЙСАҚОВ, СҚО бойынша ҚАЖД №48 мекемесі бастығының орынбасары:
— Кешке мекеме қызметкерлері, ардагерлері және олардың жанұя мүшелері шақырылды. Салтанатты іс-шарада 5 бірдей ардагерді “Ардагер” төсбелгісімен мадақтадық.
Зейнетке шыққан қызметкерлерге Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Олардың көпжылдық еңбегі ерекше аталып өтілді. Самат Ибраев 48-ші мекемеде 13 жыл қызмет еткен. Қазір зейнетте. Ол атасы мен әкесінің жолын қуып осы жолды таңдаған.
САМАТ ИБРАЕВ, зейнеткер:
— Мен 48-ші мекеме бастығының кезекші көмекшісі болып қызмет еттім. Атам да, әкем де шенді болған. Олардың жолын қуып осы жолға келдім. Жақында ғана зейнетке шықтым. “Ардагер” медалін беріп, құрмет көрсетіп жатқан ізбасарларыма алғыс айтамын. Баршасын мерекемен құттықтаймын!
Қоса кетейік, 48-ші мекемеде қазір 60-тан астам маман жұмыс істейді.
Мәдина Қаби