Облыс орталығында ежелден келе жатқан рәсім – “Тұсау кесу” ұйымдастырылды. Дана қазақ халқы қашан да дәстүрді берік сақтайды әрі ата-ана қамқорлығынсыз қалған ұл-қыздарды кеудеден қақпайды. “Жетім көрсең, жебей жүр” дегендей, тәрбиелік маңызы терең шараға “Балалар үйінің” 7 тәрбиеленушісі мен қызметкерлері шақырылыпты. Бүгін осы бүлдіршіндердің тұсауы кесілмек. Игі бастамаға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Өңір жетекшісі құттықтау сөзінде көздері мөлдіреген балғындардың тәрбиешілеріне алғысын білдіріп, еңбектерін жоғары бағалады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— “Балалар үйінің” ұжымы тұр. Сіздерге өзімнің және жиналған азаматтардың атынан алғыс айтамын. Сіздер балаларға ата-ана мейірімін сыйлап келесіздер.
Әр баланың қасында тұрған азаматшалар құдды аналары сияқты. Ұл-қыздардың қабағын аңдумен болды, көңілі босағандарды бауырға басып, жұбатып бақты. Мұндай мейірім көрген, тәлім-тәрбие алған балапандар болашақта ала жіпті аттамауы тиіс.
ҚЫМБАТ ИСМАНОВА, ардагер ұстаз:
— Ата-ана бала өмірге келгеннен жақсы тілек телейді. Адал болсын, жамандыққа бармасын дейді. Соның барлығы осы ала жіпте тұр.
Көпті көрген үлкендер “Тұсау кесу” рәсімінің өзіндік талабына да тоқталды. Қазыналы қариялардың айтқан ақылын жастар жағы ұғып алуы қажет.
ҚЫМБАТ ИСМАНОВА, ардагер ұстаз:
— Тұсауды пышақпен кеседі. Кейбір адамдар қайшы қолданады. Бұл дұрыс емес. Қайшы кеспейді, қайшы қияды. Осыған мән беру қажет.
“Тұсау кесу” рәсіміне де кезек келді. Зор бақыт саналатын балалардың тұсауын өңірге танымал жандар кесті. Жетектеп сыйлықтар орналасқан “Ақ жолдың” келесі басына да әкелді. Ұл-қыздардың бірі – кітап, ал екіншісі қамшы көтерді. Ырым бойынша бұл балалар білім қуады, ел басқарады. Игі шараға қатысқандардың арасында бокстан Әлем чемпипионы Наталья Богданова да бар. Қылықты бүлдіршіндердің қадамына қуанған жеңімпаз оларға тек жақсылық тілейді.
НАТАЛЬЯ БОГДАНОВА, бокстан Әлем чемпионы:
— Мұндай шараға өзім алғаш рет қатысып отырмын. Мән-маңызы өте зор рәсім деп білемін. Әр бала бақытты болуға лайықты. Оларға мықты денсаулық тілеймін! Болашақта ғалым, чемпион атансын! Біз қолдан келгенше көмектесуіміз қажет. Ата-аналар ұл-қыздарын тастамаса екен деймін.
Республика күні қарсаңында арнайы ұйымдастырылған “Тұсау кесу” рәсімі бата берумен аяқталды. Ұл-қыздарға өңірдің Құрметті азаматы Тілек Әбдірахманов ақсақал ақ жол тіледі.
Байболат Құлтанов