Петропавлда кітапханашылар арасында облыстық семинар өтті. Шарапаты мол шараға “Кітапхана – Цифрлық қоғамның білім кілті: Президент Жолдауы аясындағы жаңа мүмкіндіктер” тақырыбы арқау болды. Басқосуға ауылдық елді мекендерден қызметкерлер шақыртылған. Оларға педагогтар, журналистер мен IT-саласының мамандары дәріс оқыды.
КӨГЕРШІН БЕРДАҒҰЛОВА, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры:
— Биыл кітапханамызда “Заң” жобасы іске қосылды. Бүгін бұл бастама жайлы да сөз қозғаймыз. Барлық мәселені жасанды интелектінің көмегімен шешуге болады.
Осы ретте жасанды интеллект пен кітапхананың арасында қандай байланыс бар деген сұрақ туындайды. Заман игілігін пайдаға жаратпасақ, көш соңында қалып қойуымыз мүмкін. Абай атамыздың “Болмасаң да ұқсап бақ” деген сөзі бекерден-бекер айтылмаған ғой Алдағы уақытта жасанды интеллект арқылы әр кітаптың қысқаша мазмұны жайлы баяндап беретін бағдарлама енгізу жоспарда бар. Бұл бастама оқырмандардың қызығушылығын одан әрі оятуға септеседі.
Шараға Жамбыл ауданынан ат терлетіп келген кітапханашы Қарлығаш Мағзұмованың осы салада еңбек етіп жүргеніне 5 жылдан асқан. Осы уақытқа дейін облыстық семинарлардан бірде-бір рет қалған емес. Өнегеге толы басқосу өзіне зор пайдасын тигізетініне сенімі мол.
ҚАРЛЫҒАШ МАҒЗҰМОВА, “Благовещенка” балалар және жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы, Жамбыл ауданы:
— 6 Кітапханадан кітап алып кеткен баладан міндетті түрде мазмұнын сұраймын. Өзім де кітаптарды көптеп оқуға тырысамын. Себебі, келген балаға не ұсыну керектігін білуіміз қажет.
Облыстық семинар “Ted-x” форматында ұйымдастырылды. Спикерлер Тәкен Әлімқұловтың “Музыканың жан-дүниесі” кітабын ауыз екі тілде баяндап берді. Бұл бастама “Бір ел-бір кітап” жобасы аясында жүзеге асырылып отыр.
Нұрасыл Ахмет