Конституцияның 30 жылдығына орай Петропавлда айтулы оқиға орын алды. Бірнеше солтүстікқазақстандыққа елордадан жолданған марапат табысталды. Салтанатты түрде ортаға шақырылып, көпшіліктің қошеметіне бөленген жандар – өңірдің, елдің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген теріскейліктер. Шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев қатысты.
РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы:
— Мемлекеттің дамуына сүбелі үлесін қосқан жандардың еңбегі елеусіз қалмауы тиіс. Еңбекқор адам – елдің байлығы. Сіздердей азаматтарымыз көп болса еліміз қарыштап дамиды. Баршаңызды келе жатқан маңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын.
Шарада құрметке бөленген жанның бірі – Жанар Ақылбекова. Қызылжар аудандық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің басшысының мемлекеттік қызметте жүргеніне 30 жылдан асқан. Бүгін оған “Мемлекеттік қызмет ардагері” төсбелгісі табысталды.
ЖАНАР АҚЫЛБЕКОВА, Қызылжар ауданы әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы:
— Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу оңай емес. Басты мақсатымыз – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешу. Президенттің қойған тапсырмаларын жүзеге асыру.
Бүгін мемлекеттік қызметке аяқ басқан солтүстікқазақстандықтардың саны артты. Тарихи дата қарсаңында жас маман ант қабылдады. Президент марапатын алған жерлестеріміз дәстүрлі рәсімнің куәсі болып, сәттілік тіледі.
Нұрасыл Ахмет