Қайғылы жағдай жексенбі күні кешке Солтүстік фанер комбинатында болған. Ер адамның үстіне металдан жасалған көтергіш құлаған. Алған жарақаттан азамат оқиға орнында көз жұмды. Полицейлер тергеу-тексеру шараларын бастады.
19-шы қазан күні Петропавл қаласындағы кәсіпорындардың бірінде алдын ала мәлімет бойынша еңбек қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы тіркелді. 42 жастағы азамат соның салдарынан көз жұмған. Аталған дерек бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу шараларын бастады. СҚО ПД баспасөз қызметі.
Ал облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы мамандарының айтуынша арнайы құрылған комиссия қазір қайғылы жайттың себебін анықтаумен айналысып жатыр. Облыста жыл басынан бері жұмыс орнында осындай 21 келеңсіз жайт болған. Салдарынан 2 адам қаза тапқан, 28 адам жарақат алған.
АЗАТ БЕЙСЕМБИН, облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының бөлім басшысы:
— Биыл тіркелген факті саны былтырғыға қарағанда 4 жарым пайызға аз. Өткен жылы өндіріс орнында 22 оқыс оқиға тіркеліп, 27 адам жапа шеккен болатын. Жұмыста болатын келеңсіз жайт көп жағдайда істің дұрыс ұйымдастырылмауынан және қауіпсіздік шараларының тиісті көлемде жүргізілмеуінен туындап жатады.
Өндіріс орнындағы қауіпсіздік талаптары туралы жұмыс беруші де, жұмыс істеуші де білуі керек. Өндіріс орнында абайлап жүретін адам аман болады. Осы мақсатта еңбек инспекциясының мамандары биыл 80-нен астам семинар өткізіп, 800-ге жуық жанға қауіпсіздік туралы ақыл айтқан.
Ақтолқын Солтанханқызы