Мектепке дейінгі ұйымның үздік әдіскері. Бүгін облыс орталығында осындай атаумен республикалық байқаудың облыстық кезеңі өтті. Шараға 8 ауданнан 8 маман қатысты.
Назым Нұрғалиева Новоишим қазақ орта мектебі жанындағы “Қызылжар” шағын орталығынан келіп отыр. 15 жылдық тәжірибесі бар маман әдіскер өз әріптестеріне бағыт-бағдар сілтейтіндіктен өзі де білімді әрі білікті болуы қажет дейді.
НАЗЫМ НҰРҒАЛИЕВА, Новоишим қазақ орта мектебі жанындағы шағын орталықтың әдіскері, Ғ. Мүсірепов ауданы:
— Әдіскердің міндеті – әріптестеріне әдістемелік сүйемелдеу көрсету, мектепке дейінгі білім беру бағдарламасын меңгерту.
Әдіскерлер тек өздері жұмыс істейтін жұмыс орнын немесе өзін ғана таныстырмайды. Сонымен қатар, әріптестерінің шығармашылық қабілетін және жаңа педагогикалық идеяларын көрсетулері қажет.
ОРЫНТАЙ МЕЗГІЛБАЕВА, әдістемелік орталық әдіскері:
— Мамандар портфолиоларын таныстыруы қажет. Кейін оның алға қойған жоспары қаралады.
Байқау үш кезеңнен тұрады. Тапсырмалар қиындай түседі. Қатысушылар ортақ талапты орындай отыра қазылар алқасының сұрақтарына жауап береді.
КӘМШАТ ӘБІШОВА, қазылар алқасының мүшесі:
— Әдіскерлердің жұмысынан мектеп пен балабақша арасында қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын көргім келеді. Ол жұмысты қалай жүзеге асырып жатыр?
Байқау жеңімпаздары дипломдармен марапатталады. Одан бөлек, жеңімпаз атанған әдіскер қараша айында Астанада аймақ намысын қорғайды.
Мәдина Қаби