Жергілікті университет қабырғасында еңбек ардагері Құдайберген Қалиевтің 80 жылдығына арналған тағылымдық шара өтті. Басқосу барысында мерейтой иесінің иығына шапан жабылып, түрлі естелік сыйлықтар табысталды. Өнегеге толы жиынға білім ордасының ұжымы мен студенттері қатысты. Оларға аға буын өкілдері Құдайберген Қалиұлы жайлы мол ақпар берді.
ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Облыс әкімінің бірінші орынбасары болуы оңай жұмыс емес. Сен елдің қамын ойлау керексің. Мәселелерді жүйелі түрде шешуге тиіссің. Осы міндеттерді Құдайберген Қалиұлы абыроймен атқарды деп нық сеніммен айта аламын.
Өнегеге толы басқосуға білім ордасының “Агротехникалық” факультетінің студенттері шақыртылған. Бәріміз білеміз, Құдайберген Қалиұлы еңбек жолын қарапайым агроном болып бастаған. Тимирязев ауданында ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтерген. Саланың жілігін шағып, майын ішкен азаматтың айтқан ақылы болашақ мамандарға өмір бойына азық болары сөзсіз. Бұл ойымызбен жазушы Жарасбай Сүлейменов толықтай келіседі.
ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, СҚО Құрметті азаматы, жазушы:
— Жастар Құдайберген Қалиев сияқты азаматтардың ойына қарап ой түзеуі қажет. Болашағымыз жарқын болуы үшін ел ағаларының ақылы ауадай қажет деп есептеймін.
Шара аясында Құдайберген Қалиев студенттерге дәріс оқыды. Аграрлық саланың қыр-сыры жайлы ақпар берді. Жастар білікті еңбек ардагеріне “Дақылдарға қалай күтім жасау қажет?” деген сұрақты көп қойды.
ӘЙГЕРІМ ҮСЕНОВА, студент:
— Өзім “Агротехникалық” факультетте білім алып жатқаннан кейін шараның мен үшін пайдасы зор.
Шара соңында университет оқытушылары мен студенттері мерейтой иесіне ізгі тілектерін тіледі.
Нұрасыл Ахмет