Алдағы жексенбі күні Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының сайлауы өтеді. Қазір қалада үгіт-насихат жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Қанат Айтбаев – өзінің бағдарламасын таныстырып жүрген кандидат. 30 жылға жуық тәртіп сақшысы ретінде еңбек еткен азамат белсенділермен қауышып, ұсыныстарын тыңдады.
АЛЕКСАНДР КАЗАНЦЕВ, қоғам белсендісі:
— Мен сіздің бағдарламаңызбен таныстым. Айтар ұсынысым бар. Егер сайлаудан өтіп жатсаңыз, автотұрақ мәселесін көтерсеңіз жақсы болар еді. Себебі, шаһарда жаңа үйлер қарқынды түрде салынуда. Ал көлік қоятын орын тапшы. Сіз кезінде Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары кезінде талай оң өзгеріс енгіздіңіз. Тағы да жаңашылдық күтеміз.
Бүгін Қанат Айтбаев сенімді өкілдерімен Киров атындағы зауыттың ұжымымен де кездесті. Мұнда кандидат сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Ол 5 бағытқа бөлінген: қала және аулалардың абаттандыру жұмыстарына көңіл аудару, қолжетімді тұрғын үй құрылысы, жол мәселесі, жастарды жұмыспен қамту, сонымен қатар қазынадағы қаржы жұмсалуының ашықтығын орнату.
ҚАНАТ АЙТБАЕВ, СҚО мәслихат депутаттығына кандидат:
— Бұл бағдарламадағы кейбір пункттер өзге кандиданттардың бағдарламасымен ұқсауы мүмкін. Алайда, депутат өңірімізде халықтың хал-жағдайын билікке жеткізетін көпір іспеттес. Бұл ретте аянып қалмаймын. Маған сенім артсаңыздар, мен бірталай мәселенің қозғалуына серпін беретін боламын.
Кездесу барында үміткерге зауыт қызметкерлері өз сауалдарын қойды.
Ақтолқын Солтанханқызы