СҚО әкімдігі

Аймақ басшысы жұмыс сапарымен Есіл ауданына барды

Облыс әкімі Есіл ауданына барып, «Покровка-Ильинка-Мектеп» бағытындағы облыстық маңызы бар жолды жөндеу барысымен және Мальцево ауылының маңында салынып жатқан көпір құрылысының қарқынымен танысты. Екі жылға жоспарланған жоба аясында 2 млрд теңгеден астам қаржы игерілген. 15 қарашада – жеңіл көліктердің, ал 15 желтоқсанда жүк көліктерінің қозғалысын ашу жоспарлануда.

ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

— Алдағы бес күннің ішінде бетон құю жұмыстарын аяқтап, көпірдің өткел бөліктерін орнатуға кірісуді жоспарлап отырмыз. Жоба бойынша ұзындығы 18 метр болатын 70 және 24 метрлік 8 тіреуіш қарастырылған. Қазіргі таңда нысан басында 18 метрлік 36 тіреуіш орнатылған, тағы төртеуі таяуда жеткізілді. Бұл жұмыстарға үш зауыт атсалысуда – екеуі Астанадан, бірі Ақтөбеден.

Жұмыс сапарының келесі нысаны – Мальцево ауылы. Мұнда аймақ басшысы орнатылған антенна-мачта құрылғысымен танысты. Байланыс сапасын жақсарту мақсатында бой көтерген мұнара «Мальцево» ЖШС-нің өз қаражаты есебінен салынған. Заманауи коммуникациялық құрылғы ауыл тұрғындарына интернет пен ұялы байланыс қызметін тұрақты пайдалануға мүмкіндік береді.

АЗАМАТ БАЙТЕМІРОВ, СҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:

— Қазіргі таңда облыс аумағындағы 97 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылған, 111 ауыл сымсыз интернетпен қамтылған. Ұлттық “Қолжетімді интернет” жобасы аясында келер жылдың соңына дейін тағы 280 ауылды қосу көзделіп отыр. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар автожолдар бойында 16 байланыс мұнарасы орнатылады. 195 ауылдағы операторлардың қызметіне мемлекет тарапынан субсидия бөлінбек. Ал шағын және шалғайдағы елді мекендер спутниктік байланыс арқылы қамтамасыз етіледі.

Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында Еңбек ауылында салынған жаңа бастауыш мектептің ашылу салтанатына да қатысты. Ғауез Нұрмұхамбетов атап өткендей, сапалы білімге қолжетімділік – әрбір ауыл тұрғынының негізгі құқығы, ал оны қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында еліміздің кадрлық әлеуетін нығайтуда орта білімнің маңызы зор екенін ерекше атап өтті. Облысымызда соңғы 3 жылда 2340 орынға арналған 6 мектеп салынды. Сонымен қатар, білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту ісіне бизнес өкілдері де белсенді үлес қосып келеді. Бүгінгі күн баршамызға ерекше күн болып отыр. Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Еңбек ауылында бастауыш мектептің ашылуына орай бас қосып отырмыз.

Білім ордасы «Бай Еңбек» ЖШС-нің қаражаты есебінен, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында және жұмысшы мамандықтар жылына орай салынды. Серіктестік директоры Қайырбек Қожасовтың айтуынша, жаңа мектеп – туған жердің өркендеуіне қосылған шынайы үлес әрі ауыл балаларына жайлы білім алу ортасын сыйлаған игі бастама. Жобаның жалпы құны – 350 млн теңге.

Қайырбек Қожасов, «Бай Еңбек» ЖШС директоры, Есіл ауданы:

— Еңбек – менің балалық шағым өткен, бүгінде еңбек етіп жүрген қасиетті мекен. Осы елге титтей болса да қызмет ету мен үшін – парыз әрі жүрек қалауы. Жазда іргетасын қалаған едік. Бүгін, міне, заманауи талаптарға сай, шағын болса да шынайы ықыласпен салынған білім ордасының есігін сіздермен бірге ашып отырмыз. Бұл – тек менің емес, баршамыздың еңбегіміз. Осы құрылыс басталғалы көп адамның көмегі тиді.

Салтанатты рәсім барысында облыс басшылығы мектеп ұжымына заманауи интерактивті оқу панелін табыстады. Соңғы он жылда ауылда білім беру мекемесі болмаған еді. Енді мұнда 15 оқушыны 6 мұғалім тәрбиелеп, сапалы білім береді. Жаңа мектеп – ауыл өміріне жаңаша серпін берген игі іс, ауыл болашағына салынған жарқын инвестиция.