Өңіріміздің шалғай ауылдарында тұратын жүкті аналар үшін облыстық перинаталдық орталық қабырғасында пансионат ашылды. Оған “Салауатты ана” атауы берілген. Қызмет көрсету орнының басты мақсаты – ай-күні жақындағы азаматшаларды күту, дәрігер бақылауында ұстау. Мұнда қажеттінің барлығы бар. Нәзікжандылар тиісті анализдерді осы жерде тапсырады, керекті ақыл-кеңес алады. Айнагүл Бекболатова қазанның басында сонау Уәлиханов ауданынан келген. Алтын құрсақ жерлесіміз 5 ұлдан кейін көптен күткен ару қызын күтуде.
АЙНАГҮЛ БЕКБОЛАТОВА, Уәлиханов ауданының тұрғыны:
— Уәлиханов ауданынан келдім. Қаралып жүрген дәрігерім жіберді. Таңым таңғы астан басталады, кейін қан қысымымды тексереді, дәрігерлердің қарауына барамын.
Пансионат өз жұмысын бастағалы өңіріміздің алыс аудандарынан келген 8 нәзікжандыны қабылдаған. Талап бойынша бұл жерге жүктілігі ауыр өтіп жатқан аналар жіберіледі. Есептеулерге сүйенсек, қазір өңірде мұндай 40-тан астам әйел бар. Ал 10 азаматшаға денсаулығына байланысты босануға мүлдем тыйым салынған. Бірақ, олар қауіп-қатерге қарамай сәби сүюге шешім қабылдапты. Алдағы уақытта арнайы топтағы бұл жандар Астана қаласындағы “Ана мен бала” орталығына жіберілетін болады.
ГҮЛЗИРА КОШТАЕВА, СҚО перинаталдық орталығы Әйелдер кеңесінің меңгерушісі:
— Қауіп жоғары топтағы әйелдерге 3 немесе 4 тыртығы бар аналар кіреді. Сонымен қатар, жүрек-қан тамыр жүйелерінің қандай да бір паталогиясы бар жандар осында келеді.
Сонымен қатар, перзентханада шалғай ауылдардағы жүкті аналар үшін “Клиникадағы бір күн” атты шара ұйымдастырылады. Мұнда аналар 1 күнде барлық дәрігерлердің қарауынан өтіп, қажет анализдерді тапсыра алады. Жалпы, бүгінгі күні облыста 2 жарым мыңнан астам жүкті әйел есепте тұр.
Ақтолқын Солтанханқызы