Халық Екпін Әбиевті табысты кәсіпкер, білікті басшы, көпшілікке көмек көрсеткен адам ретінде таниды. Ол бұл күнге оңайлықпен жеткен жоқ. Аумалы-төкпелі кезеңде тәуекелге барып, сағыз сату арқылы кәсібін бастады. Содан тура 30 жыл өтіпті. Осыған орай Благовещенка ауылында кеш ұйымдастырылды. Оған азаматтың қарамағында еңбек ететін жандар мен жергілікті тұрғындар қатысты.
ЕКПІН ӘБИЕВ, кәсіпкер, Жамбыл ауданы:
— Менің мұндай жетістікке жетіп отырғаным халықтың арқасы деп білемін. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында біршама дүкен, көтерме сауда нүктесін, наубайхана, базар, дәріхана, дәмхана, мейрамхана және тағы да басқа нысанды аштым. Қазіргі күнде 2 балам осы кәсіпті жалғастырып келеді. Өздерінің де бастамалары жеткілікті. Бізді қолдап, қолпаштап жүргендеріңізге алғыс айтамын. Біз елдің, ауданның игілігі үшін еңбек етуге даярмыз.
Әбиевтер отбасы осыдан 26 жыл бұрын Благовещенка ауылының тұрғындары аудан орталығына қатынамас үшін дәріхана салып берген. Ашылған күннен бастап мұнда Лариса Бурьян фармацевт болып қызмет етеді. Ол Екпін Әбиевті басшы ретінде ғана емес, айналасындағыларға шуағын шашар адам ретінде құрметтейді.
ЛАРИСА БУРЬЯН, фармацевт, Жамбыл ауданы:
— Мен “Екпін-2002” серіктестігінде 99-шы жылдан бері қызмет етіп келе жатырмын. Жұмысымды ауыстырмадым. Бұл – тұрақтылықтың, жайлылықтың белгісі. Дәріхана – ауылымыздағы дәрі-дәрмек сатылатын жалғыз орталық. Мұнда қажеттігінің барлығын тапсырыс арқылы алдыртамыз. Егер препарат табылмаса, Екпін Әбиевке айтамын. Басшымыз өзі сатып әкеледі. Халыққа құрметпен қарайды.
ГҮЛБАРШЫН СҰЛТАНОВА, Благовещенка ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:
— Екпін Әбиұлын көптен бері танимын. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Зираттың аумағын қоршады, жолдарды жөндеуге көмектесті.
Үлкендердің батасы, халықтың алғысы – барлығынан жоғары. Әбиевтер отбасы осындай қағида ұстанады. Жастардың өскенін, өңгенін қалайды. Сол үшін білім саласына әрдайым назар аударып, қажеттілік туған жағдайда жәрдем береді. Мысалы, ғасыр басында Благовещенка жалпы орта білім беретін мектебі ашылған. Ғимараттың тапсырылуына ағамыз зор үлесін қосты. Игі дәстүр жалғасуда. Екпін Әбиев әлі күнге дейін көмек қолын созады.
АЙНАГҮЛ ҚАЛАБАЕВА, Благовещенка орта мектебі директорының орынбасары, Жамбыл ауданы:
— Мектебімізге 25 жыл болып отыр. Осы аралықта талай көмек көрсетті, әр мереке сайын балаларды сыйлықтармен қуантады. Түлектерге де сыйлық ұсынады.
Әбиевтер әулетіне Жамбыл ауданының әкімі Азамат Бектасовтың атынан Алғыс хат табыс етілді. Концерттік шара барысында ән шырқалып, би де биленді.
Мәдина Қаби