Мемлекеттік рәміздер деген не? Қазақстанның бірінші астанасын атаңыз? Бүгін еріктілер жерлестерімізге тосыннан осындай сауалдар қойды. Сұрақ-жауап акциясы Республика күніне арналып ұйымдастырылды. Серуендеуші жандардың бірі волонтерлердің сауалдарына мүдірмей жауап берсе, енді бірі жаңылды. Араларында аса маңызды мерекемен құттықтап, ізгі-тілектерін тілегендер де болды.
Сауалға дұрыс жауап бергендерге де, білгенінен жаңылған жандарға да еріктілер бір-бір ту мен тәтті сыйлықтар ұстатты. Акция барысында ұлты басқа болса да жүректері Қазақстан деп соғатын жерлестеріміз мерекенің маңыздылығына тоқталды. Айта кету керек, акцияны қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері ұйымдастырды.
АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:
— Акцияны тұрғындар арасында патриоттық сезім қалыптастыру және мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Жерлестеріміздің мемлекеттің тарихы жайлы мол ақпар білгенін қалаймыз. Шыны керек, жастар көп сұраққа жауап бере алмады. Бірақ, біз оларға дұрыс жауаптарды айтып бердік. Бүгін тағы адамдар көп жүретін жерлерге барып, осындай викторина ұйымдастырамыз.
Қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері мұнымен тоқтап қалмайды. Еріктілер алдағы уақытта Республика күніне орай спорттық шаралар өткізбек.
Нұрасыл Ахмет