Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Астанада СҚО ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

— Елордада СҚО тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Шараға өңірдің үздік өндірушілері қатысуда. 110-нан астам кәсіпорын өз өнімдерін ұсынады.

”Қазанат” ипподромына елордалықтар таңғы 8 болмай келе бастады. Барлығы теріскейден әкелінген өнімді таласа алуда. Өңіріміздің құнарлы топырағында өсірілген, кәсіпорындарында өндірілген тауарларға қаз-қатар тігілген сауда нүктелері лық толы. Мұнда негізінен ет, ұн, сүт, бақша дақылдары сынды халық көп тұтынатын азықтар орын тепкен. Жылдағы шараға Қызылжар ауданының іскер жандары 100 тоннадан астам өнім жеткізіпті.

ҚАНАТ ДАРБАЕВ, Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және ветеринария бөлімінің басшысы:

— Жәрмеңкеге 20 бас – жылқы етін, 10 бас – қой, тағы 10 бас сиыр етін әкелдік. Сонымен қатар, сүт және бал өнімдері және көкөністер саудалануда.

Айыртау ауданынан Елорда төріне жеткізілген етке қызығушылық танытқандардың қатары көп болды. “Әміржанова” жеке кәсіпкерлігінің ашылғанына 25 жылдан асқан. Осы уақыт ішінде еңбекқұмар жерлесеріміз Астанада өткен бірде-бір жәрмеңкеден қалған емес.

АЙЫМГҮЛ ӘМІРЖАНОВА, “Әміржанова” ЖК директоры, Айыртау ауданы:

— Жәрмеңкеге жылқы, сиыр, қой және құс етін әкелдік. Өнімді әкімдік бекіткен баға бойынша сатып жатырмыз. Тауарымыз жақсы өтіп жатыр.

Ал Уәлиханов ауданынан келген “Азамат” фермерлік қожалығының өкілдері 2001 жылдан бері қымыз өндірумен айналысады. Өздерінің ұлттық сусынды дайындау тәсілдері бар. Содан болу керек балдай тәтті өнімге сұраныс жоғары. Кәсіпкер бір жарым литр қымызды 2500 теңгеден саудалауда.

ГҮЛБАҚЫТ ҚҰЛМОЛДИНА, “Азамат” фермерлік қожалығының өкілі, Уәлиханов ауданы:

— Бұл кәсіпті әкем 2 бие сауып бастаған. Ол кезде қатты танымал болмадық. Содан соң балалары бірігіп, ата кәсіпті жалғастырдық. Қазіргі таңда өзіміздің цехіміз бар. Жәрмеңкеге 700 тонна қымыз бен жылқы сүтінен жасалған өзге де өнімдерді әкелдік.

”Қазанат” ипподромының аумағында орналасқан алаңда үлкен сахна да тігілді. Ән шырқап, би билеген теріскейлік өнерпаздар да жиналған жұртшылықты мәз-мейрам етті. Талай дарынды дүниеге әкелген қасиетті өлке ауылшаруашылық өнімдеріне ғана емес, жезтаңдай әншілерге және мың бұралған бишілерге де кенде еместігін тағы бір дәлелдеді. Жәрмеңкеге облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Ол әр сауда нүктесіне барып, астаналықтармен, сатушылармен тілдесті.

Жәрмеңкеге келушілер өнім құнының төмендігі мен сапасын ерекше айтуда. Шұрайлы өлкемізде өндірілген азық-түлік табиғи таза, ағзаға пайдалы дәрумендерге толы. Бұған басты сыншы – тұтынушылар шүбә келтірмейді. Шара барысында елорда тұрғындарымен тілдестік. Араларында теріскейдің өнімін сағынып келген бұрынғы жерлестеріміз де бар.

Шынымен, сатылымға шығарылған өнімдердің бағалары нарықтағыға қарағанда әлдеқайда төмен. Солтүстіктен жеткізілген жылқы етінің келісі – 2800, сиырдыкі – 2900, қойдыкі 2700-ден саудаланды. Қазы мен жаяның бағасы – 3000 теңге. Үйрек – 2200, ал қаздың келісі 2500 теңгеге сатылды. Бұл жәрмеңке сатушы мен сатып алушылар үшін тиімді болды деп айтуға толық негіз бар.

ДӘУРЕН ТОКУЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

— Жәрмеңкеге 800 тонна өнім әкелдік. Тауардың барлығының құны нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен. Экологиялық тұрғыда таза, сапалы және ең бастысы арада бағаны арттыратын делдалдар жоқ. Астаналықтарға солтүстіктің өнімі ұнайды. Екі күннің ішінде әкелгеніміздің барлығы сатылып кетеді деп ойлаймын.

Ауылшаруашылық өнімдер жәрмеңкесі жалғасады. Енді мұндай сауда алаңдары облыс орталығында және аудандарда қанат жаймақ.

 

Нұрасыл Ахмет