Елдің бірлігі алқалы жиындар, пайдасы зор акциялармен ғана емес, спорттық шаралар арқылы да артады. Петропавлда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұлттық ойындар бойынша шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Асық ату, бесасық, шахмат және үстел теннисі. Арнайы мамандар шақырылған. Солар жиналған қауымға аталған ойындардың тарихы, ережесі туралы мол ақпар ұсынды.
СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, СҚО ҚХА мүшесі:
— ҚХА-ның “Жеңіс бірлікте” деген арнайы жобасы бар. Сол жоба аясында бас қостық. Бүгін жастар да, аға буын өкілдері де келді. Басты мақсатымыз – халықтың ұлттық ойындарға назарын аудару.
Асық ату мен бесасық жанымызға жақын екені жасырын емес. Қуантатыны, екеуі де өңірімізде қарқынды дамып келе жатыр. Солтүстіктен чемпиондар шығуда. Бұл өскелең ұрпақты ұлттық болмысқа, тарихқа және салауатты өмір салтына жақындатады.
АҒЖАН СҰРАҒАНОВ, СҚО асық ату федерациясының президенті:
— Ұлдар асық атса, қыздар бесасық ойнайды. Асық атуда арнайы шеңбер сызылады. Ортада 15 асық тізіледі. Соларды сақамен соғып шеңбер сыртына шығару қажет.
Ұлттық ойындар бойынша ұйымдастырылған шеберлік сабағы жалынды жастардың қызығушылығын тудырды. Олар шеберлердің айтқанын мұқият тыңдады, көрсеткендерін кірпік қақпай тамашалады. Өздерінің қарым-қабілеттерін сынап та көрді. Араларында талантты ұл-қыздар баршылық. Солардың біразы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатынан келіпті.
ЕЛДАР НАУРЫЗБАЙ, шеберлік сабағына қатысушы:
— Мектебімізде асық атудан үйірме бар. Соған барып жүргеніме 3 жыл болып қалды. Асық ойнаған маған қатты ұнайды.
Ассамблея салауатты өмір салты насихатталатын шараларды жалғастырады. Ұйымдастырушылар тұрғындарды жаппай қатысуға шақырады. Елдің күші – бірлікте.
Мәдина Қаби