Қоғам

Тимирязев ауданындағы білім ұясы “Қазақстан халқына” қорының қолдауымен жөндеу көрді

Тимирязев ауданында әлеуметтік сала қарқынды дамып келеді. Жыл сайын халықтың тұрмысын жақсартуға арналған түрлі нысандар бой көтеруде. Ескілері жөнделіп, адам танымастай өзгерген. Сондай ғимараттардың бірі – Сәбит Мұқанов атындағы Тимирязев жалпы білім беретін мектеп-гимназиясы. Білім ұясына “Қазақстан халқына” қорының қолдауының арқасында күрделі жөндеу жүргізілген. 37 оқу кабинетіне жаңадан құрал-жабдықтар әкелініп, ұл-қыздардың білім алуына бар жағдай жасалған.

РАУШАН ЖҮСІПОВА, С.Мұқанов атындағы Тимирязев мектеп-гимназиясы директорының орынбасары:

— Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқарту мақсатында мектебімізде “Ауыл мектебі – сапа алаңы” республикалық жобасы жүзеге асуда. Мектебімізге 3 магниттік мектеп бекітілген.

Білім ұясында оқушылар жасанды интеллектінің көмегімен оқытылады. Мұнда сабақтан тыс уақытта айналысатын үйірмелер де жетерлік. Соның ішінде би ансамблін ерекше атап өтуге болады. Өнер ұжымы талай байқауда жеңімпаз атаныпты. Қазіргі таңда мектепте 500-ге жуық оқушы білім алады. Оларды 60-тан астам ұстаз оқытады. Соның бірі – Меруерт Амангелді. Жас маман – аталған білім ұясының түлегі. Педагог бүгінде балаларды ағылшын тіліне баулып жүр.

МЕРУЕРТ АМАНГЕЛДІ, С.Мұқанов атындағы Тимирязев мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі:

— Мен Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің түлегімін. Оқуды тәмамдағаннан кейін бірден ауылдық мектепке жұмысқа тұрдым. Бұл шешіміме еш өкінбеймін. Әріптестерім мені жақсы қарсы алды. Қиналған кезімде бағыт-бағдар берді. Оқушылармен де тез тіл табысып кеттім. 

Тимирязев аудандық ауруханасындағы жөндеу жұмыстарына 600 млн теңгеден астам қаржы бөлінді

Ауданда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген мекеменің бірі – Тимирязев аудандық ауруханасы. 9 мыңнан астам адамға медициналық қызмет көрсетілетін нысанды жаңалауға облыстық бюджеттен 600 млн теңге қаржы бөлінген. Мұнда 140-қа жуық адам жұмыс істейді.

ДУМАН КАМИРОВ, Тимирязев аудандық ауруханасы директорының міндетін атқарушы:

— Биыл аурухананың бірінші қабаты күрделі жөндеу көрді. Облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Бұл мақсатқа 300 млн теңге жұмсалды. Былтыр мекеменің екінші, үшінші қабатында күрделі жөндеу жүргізілді. Жаңа қондырғылар әкелінді. Бұл жасалып жатқан істер қызмет ету сапасын әлдеқайда жақсартты.

Аурухана күні-түні аудан тұрғындарына қызмет көрсетеді. Күрделі жөндеу жұмыстарының арқасында мекеменің іші адам танымастай өзгерген. Бірақ, мұнда кадр тапшылығының бары жасырын емес. Думан Қуандықұлы бұл мәселе жақын арада шешілетінін айтты. Аурухананы аралау барысында емделушілермен тілдесіп көрдік. Олар дәрігерлер мен медбикелердің жұмысына көңілдері толатындарын жеткізді.

ЭЛЬВИРА СЕЙТАҚОВА, Тимирязево ауылының тұрғыны:

— Аурухананың қызмет көрсету сапасы көңілімнен шығады. Дәрігерлер бізді әрдайым жылы қарсы алады. Бірден диагноз қойып, емдеу жолын ұсынады.

Биыл аурухананың қазандығы да күрделі жөндеуден өткен. Маңызды іске 50 млн теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Айта кету керек, Тимирязев ауданында 9 мыңнан астам адам тұрады. Аталған аймақта 20 ауыл бар. Елді мекендердің 99 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған.

 

Ақтолқын Солтанханқызы