Тимирязев ауданындағы “Сағат-СК” серіктестігі орақ науқанын аяқтауға жақын. Бүгінге дейін еңбеккерлер маңызды жұмысты 90 пайызға тындырған. Қазіргі таңда майлы дақылдар егілген алқапта қызу жұмыс жүріп жатыр. Көрсеткіш көңіл қуантады. Жер емген диқандар орташа есеппен гектарына 20 центнерден өнім алуда. Техникаларын сайлап, танап басында жүйткіген комбайншылар әр жайма-шуақ күнді тиімді пайдаланып, астықты шашау шығармай жинап жатыр.
ДИАС НҰРҒАЛИЕВ, “Сағат-СК” ЖШС бас агрономы, Тимирязев ауданы:
— Биыл 19 мың 700 гектар алқапқа дән сіңірдік. Оның 11 мыңы – дәнді дақылдарға, қалғаны майлы және дәнді-бұршақты дақылдарға арналған. Орақ науқанына 30-дан астам трактор-комбайн шықты. Біздегі техниканың барлығы жаңа.
Шаруашылық алқаптарында “CLASS” комбайндары жүйткіп жүр. Серіктестік басшылығы бұл техникалардың барлығын облыс орталығындағы зауыттан алған. Бұрынғыдай Германияға барып жүрудің қажеті жоқ. Еңбеккерлердің тынбай еңбек етіп жатқанын мына бір көріністен көруге болады. Комбайн орған дақылды тракторға бірден төгуде. Тиісінше, бұл ырыс дәні шаруашылықтың астық қабылдау орнында сұрыпталатын болады.
ДИАС НҰРҒАЛИЕВ, “Сағат-СК” ЖШС бас агрономы, Тимирязев ауданы:
— Биыл мемлекеттен мол көлемде қолдау алдық. Бұл көктемгі және күзгі дала жұмыстарын сәтті аяқтауға септігін тигізіп отыр. Қазіргі таңда серіктестікте 130-дан астам адам жұмыс істейді. Егін егумен қатар, мал шаруашылығымен де айналысамыз. 100 бастан астам ірі қарамыз бар. Айта кетейін, ауа райы қолайлы болса орақ науқанын 3 күнде аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Ағымдағы жылы Тимирязев ауданының диқандары 260 мың гектар жерге дән сепкен. Оның басым бөлігі – дәнді дақылдар. Биыл аталған аймақтың диқандары мемлекет қолдауының арқасында 19 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш алған. Бұл шығымдылық көрсеткішінің артуына зор септігін тигізді. Сонымен қатар, аудан алқаптарына 3 жарым мың тонна элиталық тұқым егіліпті.
АЛЕКСАНДР СТЕПАНЕНКО, Тимирязев ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
— Биыл ауданда 62 серіктестік пен 59 жеке кәсіпкерлік алқаптарына дән септі. Шығымдылық орташа есеппен 16 центнерді құрайды. Бұл көрсеткіш былтырғыға қарағанда жоғары. Ағымдағы жылы машина-трактор паркін 7 пайызға жаңарттық.
Айта кету керек, Тимирязев ауданында орақ науқаны 95 пайызға аяқталды.
Нұрасыл Ахмет