Петропавлда 3-ші және 8-ші сынып оқушылары арасында “Тең мүмкіндіктер” атты облыстық балалар инклюзивті спорт фестивалі бастау алды. Жарыс бочча, көңілді старттар және жеңіл атлетика бойынша өтіп жатыр. Бочча ойынында ортадағы доптарды жылжыту қажет болса, эстафетада ұл-қыздар жүгіре отырып, таяқшаны бір-біріне табыстауы қажет. Ал көңілді стартта қатысушылар 50 метрге жүгіреді. Мамлюткалық қыздар жаңа ғана жүгіріп келді. Олар жарыстың оңайға соқпағанын жеткізді.
ЛИЛИЯ ТАРАФЬЕВА, жарысқа қатысушы, Мамлют ауданы:
— Біз жарысқа тыңғылықты дайындалдық. Шамамен 2-3 ай көлемінде біраз дайындық жүргізілді. Жаңа ғана жүгіріп келдік. Қарсылас командалардың барлығы ер балалар екен. Қыз болсақ та олардан озып, өз күшімізді дәлелдеуге бар жанымызды салдық. Жақсы нәтиже көрсеттік деп ойлаймын.
Ойынның ең басты талабы – командада 3 қатысушы болуы қажет. Оның біреуі – ерекше бала. Сонымен қатар, команда мүшелерінің жастары бірдей болуы шарт. Жарысқа барлығы – 60-қа жуық бала қатысып жатыр.
ЖЕҢІС АСАНОВ, “AMANAT” партиясы СҚОФ атқарушы хатшысы:
— Жарыс осымен 2 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Жылдан-жылға қатысушылардың да саны артуда.
Өткен жылы облыстық сайыста Аққайың ауданының балалары бірінші орын алып, республикалық додада жеңіпаз атанған.
АНДРЕЙ ПОПКОВ, Тоқшын мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі, Аққайың ауданы:
— Шәкірттеріме өте риза болдым. Осы жақта өздерін қалай көрсетсе, елорда да сол беттерінен таймай, барлығынан озды. Негізі, мұндай жарыстар аса қажет. Ерекше балалар да өзінің қоғамда орны бар екенін сезінеді. Олардың да спортқа деген ынтасы оянады.
Бүгінгі жарыстың жеңімпаздары қараша айында Астана қаласында өтетін финалдық кезеңде өңір намысын қорғайды.
Мәдина Қаби