Мәдениет

Петропавлда “Салтанат” мемлекеттік би ансамблінің концерті өтті

Өңірге гастрольдік іс-сапармен келген алматылық “Салтанат” мемлекеттік би ансамблі Петропавлда концерт қойды. Құрылғанына 70 жыл толып отырған ұжым Ақан сері атындағы облыстық филармонияда өнер көрсетті.

ҚУАНЫШБЕК ТӨЛЕГЕН, ҚР “Салтанат” мемлекеттік би ансамблінің көркемдік жетекшісі:

— Біз басқа да ауылды жерлерді аралап, өнерімізді ұсынғымыз келеді. Петропавлдан бұрын бірнеше облыста болдық. Тұрғындарға концертіміз ұнайды деп ойлаймыз.

Өнер ұжымы 70 жылдық мерейтой аясында “Би керуені” атты жобамен әр қалаға аялдап келеді. Теріскей төріне талант иелері 24 нөмірмен келіп отыр. Жобаның тағы бір жаңалығы – кеше филармония сахнасында “Айдай сұлу” атты бидің тұсауы кесілді.

Өнерпаздар ауқымды жобаға жарты жыл көлемінде дайындалған. Бишілердің үстіндегі ұлттық киімдер көздің жауын алады. Ансамбль өздерімен бірге 400-ге тарта костюм әкелген. Бір биші 2 сағат ішінде 10-ға жуық киім ауыстырды. Сахнадағы әр қимыл-қозғалыс – тарих пен салтанаттың үні секілді. Қолдарымен желді суреттеп, аяғымен жердің ырғағын сездірген бишілер көрерменге ерекше әсер қалдырды.

МӘДИНА ТОХТАХУН, ҚР “Салтанат” мемлекеттік би ансамблінің балет әртісі:

— Мен бимен 5 жасымнан бері айналысамын. Ал осы ұжымда 3 жылдан астам уақыт бойы өнер көрсетіп келемін. Би өмірімнің бір бөлшегіне айналды.

Жалпы, “Салтанат” мемлекеттік би ансамбліне 60-қа жуық адам мүшелік етеді. Өнер ұжымы бүгін – Бескөлде, кейін Явленка, Саумалкөл, Новоишимское ауылдары мен Булаев қаласындағы мәдениет үйлерінде концерт қояды.

 

Мәдина Қаби