Аптадағы маңызды жаңалықтарМәдениетӨнеркәсіп

Петропавл нан-тоқаш комбинаты айына 500 тонна өнім шығарады

Әлемде жыл сайын 16 қазан Нан күні аталып өтіледі. Айтулы датада өңіріміздегі ең ірі кәсіпорындардың бірі Петропавл нан-тоқаш комбинатының тыныс-тіршілігімен таныстық. Кәсіпорын 90 жылдан астам уақыт бойы облыс тұрғындарын ас атасымен қамтамасыз етіп келеді. Серіктестік бидайды өз диірменінде үгеді. Облыс орталығында бірнеше сауда орны бар.

ЕРЛАН ҚАЙШЫБЕКОВ, “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” ЖШС бас директоры:

— Серіктестікте 360 адам еңбек етеді. Олар 4 ауысыммен жұмыс істеп, айына 500 тонна өнім шығарады. Жұмысшылардың басым бөлігі – орта буын өкілдері. Қазір жастарды осы кәсіпке тартуға екпін беріп жатырмыз. Өнімді облыстың түкпір-түкпіріне және Ақмола облысына жібереміз.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қатарына кіретін нан өнімдерін дайындау оңай жұмыс емес. Шикізат пен электр қуатының құбылмалылығы, жұмысшылардың жалақысын көтеру, кадр тапшылығын жою секілді мәселелерді дер кезінде шешу қажет. Комбинат директоры Ерлан Қайшыбеков әлемдегі экономикалық дағдарыс серіктестіктің ісіне көлеңке түсіріп тұрғанын жасырмады. Шетелден жеткізілетін құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді қолға түсіру қиындаған. Астық бағасының өсуі де кәсіпорынның дамуына өз кедергісін келтіріп тұр.

ЕРЛАН ҚАЙШЫБЕКОВ, “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” ЖШС бас директоры:

— Тұтынушыларымыздың көңілінен шығу үшін бағаны ұстап тұрғымыз келеді. Бірақ, қажетті құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектердің, шикізаттың құны бір орында тұрған жоқ. Оны ескермесек, кәсіпорын өзін-өзі ақтай алмай қалады. Комбинатта әлеуметтік нан пісіреміз. Оның құны басқаларынан әлдеқайда арзан.

Кәсіпорын қаңтардың алғашқы екі күнінде ғана уақытша тоқтайды. Қалған күндері тынымсыз жұмыс істейді. Тамара Альтоханың серіктестікте еңбек етіп келе жатқанына 12 жылдан асқан. Оған мұнда бәрі ұнайды. Алып жүрген жалақысы да көңілінен шығады.

ТАМАРА АЛЬТОХА, “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” ЖШС нан пісірушісі:

— Менің міндетім – нан пісіру және оның сапасын тексеру. Біздің жұмыс тазалықты қажет етеді. Мұнда қамырды өзіміз илемейміз. Арнайы қондырғылар бар. Әр құрылғының таза болуына да біз жауаптымыз. Жерлестерімнің дастарханына сапалы нан жетуі үшін аянбай еңбек етемін.

Сапалы өнім дайындалуы үшін сапалы астық қажет. Өңірде қазіргі таңда орақ науқаны 98 пайызға аяқталды. Диқандар бүгінге дейін 790 мың тонна ырыс дәнін бастырып үлгерген.

 

Нұрасыл Ахмет