Жамбыл ауданында барлық санаттағы автожолдарды жөндеуге бағытталған 8 жоба жүзеге асырылып жатыр. Мамлютка-Қостанай республикалық трассасының 63 шақырымдық бөлігіндегі орташа жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жолдың сақталуын қамтамасыз ету және қозғалысты бақылауды күшейту мақсатында облыс әкімі автоматтандырылған бақылау жүйесін орнатуды тапсырды.
ТАЛҒАТ СМАҒҰЛОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК» АҚ филиалының директоры:
— Негізгі бағыт – Жезқазған-Петропавл жобасы. Оның ұзындығы 215 шақырымды құрайды. 7 учаскенің 6-ауы пайдалануға берілді, қалған бір бөлігінде жұмыстар аяқталып жатыр.
Аудан еңбек династияларымен танымал. Соның бірі – Жүсіповтер әулеті. Бірнеше буын ауыл шаруашылығымен айналысып келе жатқан отбасы мүшелері әлеуметтік саланың дамуына да үлес қосуда.
ТӨЛЕГЕН ЖҮСІПОВ, Жамбыл ауданының тұрғыны:
— Жол бойында тоқтап, тіпті бір кесе шай ішетін де орын жоқ. Сол себепті, мен үнемі жол үстінде жүретін адамдарға арналған демалыс орнын ашу керек деп ойладым. Сондықтан, осы жерге дәмхана салуға шешім қабылдадым. Қасында шағын маркет болады. Жолда жүрген жандарға қажеттінің бәрін осы жерден алуға болады. Кейінірек қонақүй де салу жоспарда бар.
«Өңірдің дамуына жергілікті кәсіпкерлердің ат салысып жатқаны қуантады», – дейді Ғауез Нұрмұхамбетов. Алдағы уақытта мұнда қонақүй мен шиномонтаж ашу жоспарланған. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өңір басшысы аудан аумағын көгалдандыруға қатысты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Біз жастармен, ардагерлермен бірге қайың көшеттерін отырғызамыз. Бұл – облыста қолға алынған бағдарлама аясында жүзеге асып жатқан іс. Ауылдық округтер мен аудан әкімдері елді мекендерден жер телімдерін бөліп отыр.
Акция аясында тұрғындар, белсенділер және орман шаруашылығы қызметкерлері бір гектар аумаққа 10 мыңнан астам жас қайың отырғызды. Көшеттер демеушілер есебінен алынған.
СЕЙТЖАН КҮРЛЕУТОВ «Пресновское» орман шаруашылығының басшысы:
— Бүгінгі акция – бүкілқазақстандық ағаш отырғызу шарасы. Біз аудандық қордағы жер учаскесін таңдадық. Көшеттер уақыт өте орман қорына өтеді. Барлық көшеттер өз бағымыздан алынған, талаптарға сай келеді.
Жамбыл ауданында орақ науқаны аяқталуға жақын. Жалпы егіс алқабы 312 мың гектардан асады, орташа өнімділік гектарына 20,7 центнерді құрайды. Аграрийлер элеваторлардың жетіспеушілігі мәселесін көтерді. Ғауез Нұрмұхамбетов бұл мәселені жеке бақылауға алатынын айтты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Қазір инвестициялық субсидиялар арқылы көптеген шаруашылықтар өз элеваторларын салып жатыр. Мысалы, “Атамекен-Агро” сияқты кәсіпорындар банктермен бірлесіп сыйымдылықтарын арттыруда.
Мемлекет ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған шараларды жүзеге асырып келеді. Дегенмен шаруалардың өзі де ауыл өміріне белсене араласып, инфрақұрылымды дамытып, жұмыс орындарын ашуы қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту аясында ауданда жаңа дүкендер, супермаркеттер мен қонақүйлер ашылуда. Бұл – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Өңір басшысы 14 нөмірлі жаңа қонақүйдің, азық-түлік және автодүкен жұмысымен танысты.
Биыл Жамбыл ауданында бірқатар маңызды жоба іске асырылды: Преснов халықты әлеуметтік қамту орталығы жөнделіп, Қожаберген жырау атындағы орта мектеп, мәдениет үйі және өнер мектебі күрделі жөндеуден өтті. Өнер мектебінде бүгінде 300-ден астам бала музыкалық, көркем-эстетикалық және ғылыми бағыттар бойынша білім алуда.
Ауданда спорт саласына да ерекше көңіл бөлінуде. Мұз айдыны салынып, жазда – футбол алаңы, қыста хоккей корты ретінде пайдалануға беріледі. Өңір басшысы жасөспірімдермен кездесіп, оларға спорттық киім сыйлады. Халықпен кездесуде аудан әкімі Азамат Бектасов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы есеп берді.
АЗАМАТ БЕКТАСОВ, Жамбыл ауданының әкімі:
— Ауданда ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен 242 шаруашылық құрылымы айналысады, онда экономикалық белсенді халықтың 45 пайыздан астамы жұмыс істейді. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 46,5 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі – 100,8%.
Өз сөзінде Ғауез Нұрмұхамбетов Президент Жолдауына да тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Өңірлік деңгейде СҚО Хаб жобасы дамып келеді, цифрландыру барлық салада қолданыс табуда. Облыстың негізгі көрсеткіштері бойынша да оң динамика байқалады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Облыс бойынша егіннің 98 пайызы жиналды, орташа өнімділік гектарына 20 центнерді құрады. Бұл – еліміздің солтүстік өңірлері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Өткен жылы дәл осы уақытта өнімділік 18 центнер болған. Биыл астық көлемі 6 млн тоннаға жуықтады.
Сонымен қатар, облыс әкімі Жамбыл ауданы елімізге белгілі тұлғалармен танымал екенін атап өтті. Бұл жерде Қожаберген жырау, Ғ. Мүсірепов, С. Мұқанов, С.Шаймерденов және Иван Шухов дүниеге келген. Өңірдің мәдени маңызын ескере отырып, әкім ауданда өлкетану мұражайын ашу мәселесін қарастыруды тапсырды. Кездесу соңында жалпы еңбек өтілі 200 жылды құрайтын Жүсіповтер еңбек әулеті марапатталды.
Мәдина Қаби