Қуыршақ театрында 36-шы маусым ашылды. Спектакльге келген кішкентай көрерменді аниматорлар кіреберістен күтіп алды. Бұл – “Маша мен Аю” мультфильмінен үзінді. Қуыршақ театрының актерлері балалардың теледидардан сүйіп көретін мультфильмдерінің сахналық нұсқасын жасауды жөн көріпті. Тарту бабын табу қиын кішкентай көрерменнің көңілінен шыққан сыңайлы.
— Мен “Маша и Медведь” мультфильмін күнде көремін. Сүйікті кейіпкерлерімді сахнадан көргеніме қуаныштымын.
— Мен Қуыршақ театрына жиі келемін. Бүгінгі қойылым маған қатты ұнайды.
Балаларды қуантқан қойылымның режиссері – Евгений Пермяков. Өнер ордасының көркемдік жетекшісі Айбол Қасымның айтуынша сахналық туындыға қоюшы режиссердің өзіндік көзқарасы, заманауи әзілдер қосылыпты. Жалпы, Қуыршақ театрының ұжымы жаңа маусымға сақадай сай. Труппа былтырғы маусымда ауыз толтырып айтарлық жетістікке жеткен. Бұл қарқыннан биыл да таймайды.
АЙБОЛ ҚАСЫМ, облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:
— Былтыр біз 35-ші маусымды дүркіретіп жаптық. Одан кейін Астанада өткен “Құралай” фестиваліне “Күміс тұяқша” спектаклімен қатысып, театрымыздың актері “Үздік ер бейне” номинациясын жеңіп алды.
Театр ұжымының алға қойған жоспары ауқымды. Жуырда Ресейде өткен қуыршақ фестивалінде сәтті өнер көрсетіп, бірнеше елге шақырту алыпты.
АЙБОЛ ҚАСЫМ, облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:
— Алдағы 2026-2027 жылдарға жоспарды айтатын болсақ, Бразилия, Алжир, Иран еліне жолдама алдық. Сонымен қатар, Ресейдің бірқатар қаласына шақыртылдық. Бұл фестивальдерге қатысып, өз бағымызды сынап көреміз.
Ал осы маусымда көрерменге “Алладин”, “Алдар көсе”, “Алтын балық” және алғаш рет Мағжан Жұмабаев туралы поэтикалық-танымдық спектаклі ұсынылмақ. Өнер ұжымының репертуарымен қатар труппа да толығып келеді. Биыл қуыршақ театрына үш бірдей жас маман келген.
Ақтолқын Солтанханқызы