Мәдениет

Құттықтау, марапат және пәтер кілті: СҚО-да құтқарушылар құрметке бөленді

Мына талантты жандар нағыз батырлар үшін өнер көрсетуде. Осы сынды құрмет-қошеметтің ең жоғарысына лайықты қаһармандар – құтқарушылар. Алдағы жексенбіде олар өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Биылғы мейрамның маңызы аса зор. Қазақстанда азаматтық қорғаныс қызметінің құрылғанына 30 жыл толмақ.

— Мереке 1995 жылдан тойлануда. 19 қазан күні Комитет құрылды. Қазір бұл күн Құтқарушылар күні ретінде саналады. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің жұмысын жақсы білесіздер. СҚО-да жылына 2 мыңнан астам адам құтқарылады.

От, су, боранда жолда қалу, көлік қақтығысы және тағы да басқа жайттар. Тізе берсең адамның өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп көп. Солардың барлығында азаматтық қорғаныс қызметінің өкілдері табылады. Олар оқиға орнында артқа бір қадам да жасамайды. Тек шыбындай жаны үшін күрескен жандарға жәрдем беру мақсатында алға ұмтылады. Мерейтойлық кешке құрметті қонақ ретінде көпті көрген сала ардагерлері арнайы шақырылыпты.

ОРАЗ ҚАРШАЛОВ, Азаматтық қорғау органдарының ардагері:

— Осы салада 39 жыл еңбек еттім. Мен бастағанда Совет үкіметі болды, кейін Тәуелсіздік алдық. Қиын кездер болды. Айлық алмадық, бәріне шыдадық. Өзім 1 мыңнан астам өртке қатысқан шығармын, бірнеше адамды құтқардым.

Мемлекеттік ту салтанатты түрде алынып, Әнұран шырқалған шарада көпшілік алдына облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов шықты. Ол жиналған қауымды алдағы мерекемен құттықтап, ыстық лебізін білдірді. Артынша кезек марапаттау рәсіміне келді. Түрлі дәрежедегі марапат бүгінгі күннің батырларына кезек-кезек табысталды. Ең басты тарту – пәтер кілттері.

Мұндай марапат алған маманның бірі – Жадырасын Ілияшев. Уәлиханов ауданының тумасы 10 жылдың көлемінде еңбек етеді. Бүгін ол жақында ғана сәби сыйлаған келіншегін пәтер кілтімен қуантпақ. Жары әзірге тосынсый туралы білмейді.

ЖАДЫРАСЫН ІЛИЯШЕВ, СҚО ТЖД арнайы жұмыс бөлімшесінің бастығы:

— Басында жалдамалы пәтерде тұрдық. Кейін ата-анаммен тұрдық, бертін келе бөлек шықтық. Пәтер жалдаудамыз. Ал бүгін басты арманымыз орындалып отыр. Құтқарушыларды мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман болсын!

Қоса кетейік, бүгінгі таңда еліміздің азаматтық қорғаныс қызметі саласында 30 мыңнан астам білекті де жүректі адам жұмыс істейді.

 

Байболат Құлтанов