19 қазан – Құтқарушылар күні. Осыған орай Төтенше жағдайлар департаментінде “Ашық есік күні” шарасы өтті. Бұл – қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі. Бөлімнің негізі 1972-ші жылы қаланған. Қазіргі таңда 58 адам еңбек етеді, 6 бірлік техника бар. Мамандар үшін барлық жағдай жасалған. Ас үй де, кезекшілік уақытында демалып алатын бөлмелер де қарастырылған.
Өрт сөндіру бөлімімен танысу барысында диспечерге жедел қоңырау түсті. “Масло-Дел” серіктестігінің маңында қураған шөп жанып жатыр. Құтқарушылар 1 минуттың ішінде жиналып, оқиға орнына шықты. Төтенше жағдайдың қауіптілігі 3-ші деңгейді құрады, шақырылған жерге 3 техника бағыт алды.
Құтқарушылардың жұмысы зор жауапкершілік, ептілік пен ұқыптылықты талап етеді. Онымен қоса мамандар әрдайым физикалық тұрғыда дайын жүру керек. Ол үшін бөлімде шағын дене шынықтыру залы бар. Бұл жерде жаттыққан жігіттер өрт сөндіру кезінде салмағы 25 келіні құрайтын қызметтік киіммен жүреді. Тағы құрал-жабдық бар. Бұлардың барлығын қоссақ, салмақ 118 келіге жетеді.
АСХАТ ЖАМБЫЛОВ, қалалық ТЖБ №2 МСӨБ аға өрт сөндірушісі:
— Құтқарушылар арасында демалыс және мереке күні деген түсінік жоқ. Бөлімде әрдайым кезекші топ болады. Өзімнің бұл салада еңбек етіп жүргеніме 25 жылдан асты. Еңбек өтіліме қарамастан тұрақты түрде өтетін дәрістерге қатысамын. Оқуда медициналық көмек, құтқару ережелері бойынша ақпарат беріледі. Ширек ғасыр ішінде төтенше жағдайлар департаменті мамандарының беделі артты. Киімдер де, техникалар да жыл сайын жаңартылып тұрады.
Бүгінгі таңда облыста 32 өрт сөндіру бөлімі бар. Нысандарда 700-ден астам маман күн-түн демей өңір тыныштығы үшін қызмет етеді.
Ақтолқын Солтанханқызы