Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Құдайберген Қалиевтің 80 жылдығы Тимирязев ауданында кең көлемде атап өтілді. Аудан орталығында ел ағасының құрметіне арналып қазақ күресінен ересектер мен жасөспірімдер арасында турнир ұйымдастырылды. Жарысқа 50-ден астам спортшы қатысты. Палуандардың осалы жоқ.
АРЛАН САБЫР, турнирге қатысушы, Тимирязев ауданы:
— Қазақ күресімен 2 жылдан бері айналысамын. Бүгінгі жарыста екінші орын алдым. Болашақта чемпион болғым келеді.
Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар табысталды. Аталған жарыстың Құдайберген Қалиұлының құрметіне өткізілуі тегіннен тегін емес. Азамат Тимирязев ауданында талай жыл еңбек еткен. Тізгінін де ұстап, аймақтың дамуына сүбелі үлесін қосқан. Жалындаған жастық жақ ұмытылған жоқ. Ел ағасы өткен күнін сағына еске алады.
ҚҰДАЙБЕРГЕН ҚАЛИЕВ, облыстың құрметті азаматы:
— Тимирязев ауданына 1966 жылы келдік. Совхозға қарапайым агроном болып орналастым. Жылдар өте еңбегім бағаланып, қызметім өсе берді.
Мерейтой бұнымен аяқталған жоқ. Құдайберген Қалиұлы аудандық музей қабырғасында бұрынғы әріптестерімен кездесті. Жылы жүздесуде өткеннен сыр шертер дүниелер айтылды. Қатысушылар еңбегі толағай теңізбен тең ел ағасының мерейін асырды. Тимирязево ауылының тұрғыны Жанат Шаймерденов Құдайберген Қалиевпен бір үйде тұрған.
ЖАНАТ ШАЙМЕРДЕНОВ, зейнеткер, Тимирязево ауылының тұрғыны, Тимирязев ауданы:
— Құдайбергенмен шамалас болсақ та мен оны ағам ретінде сыйлаймын. Бір үйде тұрдық, қаншама естеліктеріміз бар. Өте еңбекқор адам болды. Алдына келген әр жанның мәселесін шешіп беретін.
Ел мерейін асырған, дамуына сүбелі үлес қосқан жандар қашан да өскелең ұрпаққа үлгі. Өнегеге толы шараға жастар қауымы да қатысты.
ӘДІЛ МҰҚАШЕВ, Тимирязев агротехникалық колледжінің студенті:
— Құдайберген Қалиевті мектеп кезінен білемін. Ол кісіні үлгі тұтамын. Ауданнан Құдайберген Қалиұлы сияқты тұлға шыққанына қуаныштымын. Бүгін оны бірінші рет көріп отырмын. Мұндай азаматтармен кездесіп, әңгімесін тыңдаудың өзі рухани азық деп білемін.
Құдайберген Қалиев аудан әкімдігінде де ұлықталды. Бұл ғимарат Құрметті азаматқа жақсы таныс. Себебі, бұл жерде мерейтой иесі қызмет еткен. Шараның шымылдығын Тимирязев ауданының әкімі Ерлан Жаров ашып, ел ағасына алғысын білдірді.
ЕРЛАН ЖАРОВ, Тимирязев ауданының әкімі:
— Құдайберген Қалиевтің кәсібилігі мен еңбекқорлығының арқасында аудан жаңа деңгейге көтерілді. Зейнетке шықса да өңірдің дамуына сүбелі үлесін қосып келеді. Қоғамдық және спорттық шаралардан қалмайды. Ол – жас ұрпаққа үлгі азамат. Осы күнге дейін талай шәкірт тәрбиеледі. Қазіргі таңда Құдайберген ағаның артынан ерген жандар бір-бір саланың тізгінін ұстап отыр.
Құдайберген Қалиұлына ізгі тілектер айтылып, иығына шапан жабылды. Шаруашылықтың қарапайым қызметкерінен облыс әкімінің бірінші орынбасарына дейін көтерілген азамат Шал ақын ауданының тумасы болса да өзін тимирязевтік санайды. Әлі де ауданның дамуына зор үлесін қосқысы келеді.
Нұрасыл Ахмет