ТЖ

Артем Савин: Құтқарушы болып жүрегінің түгі бар адам ғана жұмыс істей алады

Құтқарушыларда демалыс деген ұғым жоқ. Мамандар 24 те 7 қызметте. Кез келген сәтте шұғыл шақырту түсуі мүмкін. Оқиға орнына бірінші болып жететіндердің бірі – Артём Савин бастаған құтқарушылар.

АРТЁМ САВИН, СҚО ТЖД құтқару бөлімшесінің бастығы:

— Отбасымда ешкім бұл салада қызмет етпейді. Кезінде оқуға армандап түстім. Біздің міндет – адам құтқару. Басында келгенде үйренісе алмай жүрген кездер болды. Қазір қызметіме сіңісіп кеттім. Жақындарым мен әріптестерім зор қолдау білдірді.

Биыл Артем Савиннің құтқару саласында еңбек етіп жүргеніне 11 жылдан асыпты. Осы аралықта ол түрлі төтенше оқиғаның куәсі болған. Білікті маманның айтуынша, құтқарушы болып жүрегінің түгі бар адам ғана жұмыс істей алады. Себебі, мұнда күнделікті көретін жайтқан физикалық тұрғыда ғана емес, моральды тұрғыда да дайын болу керек.

АРТЁМ САВИН, СҚО ТЖД құтқару бөлімшесінің бастығы:

— Бастапқыда көз алдыңда адамның өмірден өткенін көру өте ауыр болды. Өзімді жегідей жеп кететінмін. Бірақ, уақыт өте мұндай жайттарға иммунитет пайда болады екен. Есімде қатты сақталған оқиғалардың бірі – жылу электр станциясындағы мұржаның құлауы. Сол кезде қиын жағдайда жұмыс істедік. Өкінішке қарай, үйінді астында қалған адамды құтқара алмадық.

Құтқарушылар ешқашан босаңсымайды. Олар әрдайым кәсіби шеберліктерін арттырып отырады. Бүгінгі таңда облыста 4 құтқарушы бөлім бар, онда 80-нен астам маман еңбек етеді.

 

Мәдина Қаби