Алдымызда Рухани келісім күні келе жатыр. Астарында зор мән-мағына жатқан атаулы датаның өзіндік тарихы бар. 1992 жыл Алматыда “Бейбітшілік. Руханият. Келісім” атты халықаралық конгресс өтті. Сонда қоғам мен ұлт бірлігін нығайту мақсатында осындай мерейлі күн жарияланды. “Алтау ала болса ауыздағы кетеді” деп дана қазақ бекер айтпаған. Татулық – тұрақтылықттың діңгегі. Тәуелсіз елдің әрмен қарай гүлденгенін қаласақ, ел тұрғындары бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруы тиіс.
ҚАСЫМХАН ИСАЕВ, “Қызылжар” қалалық мешітінің бас имамы:
— Бұл тұрғыда Пайғамбарымыздың хадисі бар. Ұлтқа, дінге, сенімге бөлінуге болмайды. Көршімен әрдайым жақсы болу қажет.
Халық жұдырық іспеттес. Жұмылған күйінде алынбас қамалдай, ал саусақтар ашылса, шаттығынан айрылған қаладай. Қазақстан түзу жолда. Біздің елде түрлі ұлттың өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Бұны әлем байқады, әлем мойындады.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— Барлықтарыңызға біздің өңірімізде бейбітшілік пен келісімді, рухани құндылықты сақтау ісіне атсалысқандарыңызға алғысымды білдіремін. Рухани келісім күнімен баршаңызды құттықтаймын!
Рухани келісім күніне арналған шара марапаттау рәсімімен жалғасты. Ортаға елдің бірлігін, татулығын ту еткен жандар шақырылып, қошеметке бөленді.
Ақтолқын Солтанханқызы