БалаларБілім

Студенттер қаржылық қауіпсіздік туралы диктант жазды

Бүгін петропавлдық студенттер диктант жазды. Тақырып – қаржылық қауіпсіздік. Әлі оңы мен солын танымаған жас әккі алаяққа жем болуы мүмкін. Алданып қалса әке-шеше оқуға деп жіберген ақшасынан, маңдай термен алған стипендиясынан айырылады, тіпті банкке қарызға батуы мүмкін. Сақ жүретіндер тұзаққа түспейді.

МАКСИМ ХРОПАЛЬ, студент:

Өзім бірнеше рет алаяқтың арбауына түсе жаздадым. Мені түрлі күмән тудыратын қаржылық ұйымдарға қоспақ болды. Бұл қудың қулығы екенін түсініп, бас тарттым. Жалпы, қазіргі таңда оңай ақша табу дегенге сенбеймін. Бүгінгі шараның қаржылық сауаттылығымызды арттыруда пайдасы мол.

Шараны ұйымдастырушы – экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары. Айтуларынша, облыста жыл басынан бері 4 бірдей пирамидалық схеманың жұмысы тоқтатылған. Ақшаларын алаяқтардың қалтасына өз қолымен салып берген теріскейліктердің саны мыңнан асады. Материалдық шығын 100 млн теңгені құрайды.

ВИКТОРИЯ АЛПЕЕВА, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы:

— Қаржылық қауіпсіздік – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Елімізде үлкен де, кіші де алаяқтарға алданып жатыр. Бұл – қаржылық және құқықтық сауаттылықтың төмендігі деп ойлаймын. Мұндай шара барысында азаматтардың білімін бағамдап, алаяқты анықтауды үйретеміз.

Шара жалғасын табады. Мамандар қаржылық қауіпсіздік туралы диктант жазуды оқушылар мен зейнеткерлер арасында өткізуді жоспарлап отыр.

 

Ақтолқын Солтанханқызы