Би ұжымының құрылғанына биыл 70 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай өнерпаздар “Би керуені” атты жоба аясында еліміздің түкпір-түкпірін аралап, шеберлік сағаты мен мерейтойлық концерт ұйымдастыруда. Бүгін Петропавлға табан тіреген ансамбль мүшелері алдымен журналистер үшін шағын баспасөз конференциясын өткізді. Жиында ансамбльдің тарихы, алдағы мақсаты мен бүгінгі бағдарлама жайлы айтылды.
ЕЛУБАЙ КЕНЖАЛИЕВ, ҚР “Салтанат” мемлекеттік би ансамблінің директоры:
— Басында ашылған кезде ән-би ансамблі болды. Ал 1989 жылы қайтадан мемлекттік би ансамблі болып құрылдық. Кейін 90-жылдары тоқырау кездері ән-би, хор, оркестр – барлығы жабылды. Уақыт өте Мәдениет министрлігінің қолдауымен ұжым қайтадан ашылды. Қазір біздің бишілеріміз фольклорлық ансамбльдің сүйемелдеуімен билейді.
“Салтанат” би ансамблі Солтүстік Қазақстан облысына тұңғыш рет келіп отыр. Өнер ұжымы теріскей өңірінде өтетін гала-концертке тыңғылықты дайындалған. Бүгінде репертуарларында 150-ден астам би бар.
ЕЛУБАЙ КЕНЖАЛИЕВ, ҚР “Салтанат” мемлекеттік би ансамблінің директоры:
— Бүгінгі таңда “Салтанат” би ансамблінің штатында 130-ға жуық адам қызмет атқарады. Ал бүгін Петропавлға 72 адам келіп отырмыз. 400-костюммен келдік. Би саласы таза еңбек пен үлкен жауапкершілікті, шеберлікті талап етеді. Бір бишінің өзі сахна сыртында жоқ дегенде 10 костюм ауыстырады.
Бүгінгі концерт Ақан сері атындағы облыстық филармонияда өтеді. Жалпы, “Салтанат” мемлекеттік би ансамблі өңірімізде қазанның 20-сына дейін болады. Гастрольдік іс-сапар аясында шығармашылық ұжым 5 ауылда өнер көрсетуді жоспарлап отыр.
Ақтолқын Солтанханқызы