Облыстық прокуратура қабырғасында қадағалаушы орган өкілдері мен жергілікті кәсіпкерлер кездесті. Қазір тараптар жиі жүздесіп жүр. Бұл өз жемісін беруде. Үнемі алға басуды көздейтін іскер жандар түрлі қиындыққа тап болып жатады. Мұндай сәтте олар шенділерге үміт арта алады. Яғни, бүгінгідей жиындарда алаңдатарлық жайттарды бүкпесіз айтуға мүмкіндік бар. Мысалы, жақында балаларға қатысты өзекті мәселе шешімін тауыпты.
ӘБУ-ӘЛИ САТТАР, СҚО прокурорының уақытша міндетін атқарушы:
— Осы қалада бірнеше кәсіпкер мемлекеттік органдармен ортақ шешімге келіп, мектептегі тамақтану бойынша шарт жасаса алмаған. Әртүрлі себеп бар. Кей кезде құжат жетіспеген, кей кезде мемлекеттік қызметкерлердің кінәсі болған. Біз араластық, жақында мәселе шешілді.
Инвестор тарту, инвестиция құю – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Міндет өңірімізде орындалып жатыр. Бұл ретте қадағалаушы орган өкілдерінің де еңбегі бар. Олар теріскейді таңдаған қалталы азаматтарға құқықтық негізде жәрдемдесуде.
ӘБУ-ӘЛИ САТТАР, СҚО прокурорының уақытша міндетін атқарушы:
— Инвесторлар туралы айтсам, жыл басынан бері инвесторлардың 24 мәселесі шешілді. Әр инвесторға прокурор бекітілген. Олар өзара кездеседі, мәселелерді талқылайды.
Құқықтық көмек кәсіпкерлерге одан сайын жақындай түсті. Жақында Қазақстанда “Мобилді прокурор” қосымшасы іске қосылыпты. Сол арқылы істер жандар алаңдатарлық жайттарды дереу жолдай алады. Ал өз кезегінде мамандар бірден әрекет етеді. Айта кету қажет, бұл кездесуге онлайн байланыс арқылы аудан прокурорлары да қатысты.
Байболат Құлтанов