СҚО әкімдігі

Қалалық мәслихат сессиясы: шенеуніктер мен депутаттар келісімге келмеді

Петропавл қаласы мәслихатының кезектен тыс ХХVIII сессиясы өтті. Күн тәртібіне бірнеше мәселе шығарылған. Солардың ішіндегі алғашқысы аса маңызды. Мінберге шақырылған экономика және қаржы бөлімінің басшысы Марат Ерханов қазынадан қосымша қаражат бөлінгенін қалайды. Сұрап тұрғаны уыс түгілі қапқа сыймайды. Әр бастамаға ондаған, тіпті жүздеген млн теңге керек.

МАРАТ ЕРХАНОВ, қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы:

— Қалалық бюджет шығынын 1,5 млрд теңгеге арттыру ұсынысын қолдауды сұраймыз. Бұл ақшаны белгілі бір мақсаттарға жұмсауды көздеп отырмыз. Тек тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі арқылы ғана 806 млн теңге игерілмек. 275 млн – жолаушылар тасымалын субсидиялауға, 200 млн – бірнеше үйдің коммуналдық шығынын жабуға, 173 млн тұрғын емес үй-жайды сатып алуға және тағы бірқатар жобаға жұмсалмақ. Тиісті есептеулер жүргізілді. Әр бастама маңызды екендігін алға тартамыз.

Бастамалар маңызды, мұны депутаттар мойындайды. Алайда, ойландыратын да жайт бар. Тұрғын емес үй-жайды сатып алуға бақандай 173 млн теңге керек. Қыруар қаржыға бағаланған бұл не қылған нысан? Сұрақтан сұрақ туады. Халық қалаулылары сауалды қарша жаудырды. Жауапты мінбердегі бөлім басшысы емес, шаһар басшысының орынбасары Қалия Төренова берді.

ҚАЛИЯ ТӨРЕНОВА, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

— Қаламыздағы Ботаникалық бақ 3 нысаннан тұрады. Соның екеуі қазынадан қаржыландырылады. Ал ортадағы ғимарат Рязаповтың меншігінде. Кей кезде “сіздердікі-біздікі” деген сарындағы әңгімелер жүреді. Келешекте түсінбестік болмас үшін тұрғын емес үй-жайды сатып алып, білім басқармасының балансына өткізгіміз келеді. Әзірге 2 жақ арасында тілдесу ғана болды. Ешқандай келісім жасалған жоқ.

Тараптар пікір таластырды. Тілдесу кезінде нысанның өзіне ғана 173 млн теңге қажет екені анықталды. Ал ғимарат тұрған жердің өзіндік құны бар. Оның бағасын шенеуніктер айта алмады. Орынсыз ұсыныс, анық-қанығы жоқ бастама. Павел Афанасьев бастаған депутаттар бұл өтінішке үзілді-кесілді қарсы болды.

ПАВЕЛ АФАНАСЬЕВ, қалалық мәслихат депутаты:

— Мен нысанның өзі 173 млн теңге тұрады деп ойламаймын. Бұдан жоғары болады әрі оны білім басқармасының балансына өткізу біз айналасатын мәселе емес. Мүлде нақтылық көріп отырған жоқпын. Рязаповтың өзі шақырылмаған, пікірін тыңдамадық. Бұлай болмайды, құр сөзге сүйеніп, шешім қабылдай алмаймыз. Баланың ойынын ойнап отырған жоқпыз.

Павел Афанасьевтың пікірінше, нысанды сатып алуға жұмсалатын қаржыны үй жануарлары күтілетін питомникке берген дұрыс. Көтерілген мәселе аяқсыз қалды. Келесі жиынға Рязапов мырзаның өзі шақырылып, ұсыныс қайта қаралмақ. Айтпақшы, кездесу соңында Марат Ерханов 173 млн төңірегінде қосымша дерекпен бөлісті. Бұл әу бастан нақтылықты талап еткен депутаттарға ұнамады. Халық қалаулылары қала әкіміне хат жолдап, бөлім басшысының қызметке сай еместігін жеткізетіндерін айтты.

 

Байболат Құлтанов