Ұйқысынан ерте оянған баланың көңіл-күйін ата-анасынан бөлек енді камера да анықтай алады. “Балдәурен” балабақшасында балдырғандарды тәрбиешімен бірге ақылды жүйе қарсы алады. Бұл – алдағы жоспар. Қазір жоба пысықталып жатыр. Мамандардың айтуынша бала көңілсіз, ренжулі немесе ашулы болса, бұл күні бойы алатын білім мен тәлім-тәрбиенің сапасына әсер етеді. Мұндай жағдай анықталған кезде тәрбиеші сол баланы жадыратуға тырысады. Бұл туралы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының өкілдері бас қосқан облыстық семинарда айтылды.
МӘДИНА ДАРБАЕВА, “Балдәурен” балабақшасының жетекшісі:
— Жасанды интеллектіні балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында қолданамыз. Қазіргі кезде әлі де бұл істі қарастырудамыз. Егер барлығы дұрыс болатын болса, 1-2 айдың ішінде басқа мамандарға таныстырамыз.
Жасанды интеллектінің мүмкіндігі көп. Жиында білім берудің сапасын арттыруда ақылды жүйенің көмекші ретінде пайдалану туралы түрлі пікір айтылды.
ОРЫНТАЙ МИЗГЕЛЬБАЕВА, әдістемелік орталық әдіскері:
— Жасанды интеллект заман талабына сай тәрбиешілердің құралы ретінде пайдалануы керек. Осы арқылы баланың да оқуға деген қызығушылығы оянады.
Облыстық семинар “Балдәурен” балабақшасының базасында өтті. Бүгінде мұнда 14 топ бар. Барлығы – 300-ден астам бүлдіршін тәлім-тәрбие алып жүр.
Мәдина Қаби