Қоғам

Техника тізгініндегі 45 жыл

Ғ. Мүсірепов ауданындағы “Целинное-2004” серіктестігінің механизаторы Олег Красковтың трактор тізгіндеп жүргеніне 45 жылға жуықтапты. Әке жолын жалғаған азамат мектепті тәмамдаған соң бірден техниканы жанына серік еткен. Жас болса да егіс және орақ науқанына қатысып, нәпақасын тапқан. Қазіргі таңда моторды шашып, бір күнде жинайтын деңгейге жеткен.

ОЛЕГ КРАСКОВ, “Целинное-2004” ЖШС механизаторы, Ғ. Мүсірепов ауданы:

— Жас күнімізден еңбекке ерте араласып, істің жанынан табылуға тырыстым. Техника рөліне отырғалы таңнан кешке дейін тыным таппай еңбек етудемін. Көбінесе егіс басындағы жұмыстарды атқарамын. Әріптестерімнің арқасында трактор мен комбайн жөндеуді үйрендім. Бұл бағытты таңдағаныма еш өкінбеймін. Серіктестікте жүріп, өзіме керектінің бәрін алдым.

Механизатор ертеде ауылдық жерлерде мәртебелі мамандықтардың бірі болды. Қай мезгілде де қызу жұмыспен жүретін тракторшының еңбегі ерекше бағаланды. Олег Александровичтің аталған саланы таңдаған себебі де осы. Айта кету керек, білікті маман “Целинное-2004” серіктестігінде 13 жыл бойы табан аудармай еңбек етіп келеді. Себебі, мұнда жұмысшылардың барлығына лайықты жалақы төленеді. Шаруашылық басшысы биыл азаматқа орақ науқанына белсенді қатысқаны үшін 3 млн теңгеге жуық жалақы беріпті.

ОЛЕГ КРАСКОВ, “Целинное-2004” ЖШС механизаторы, Ғ. Мүсірепов ауданы:

— Серіктестіктегі техникалардың барлығы жаңа. Бірақ, бұл ретте назар аударатын бір жайт бар. Бізде өзіміздің трактор-комбайндарды жөндейтін орталығымыз бар. Әріптестеріммен бірлесіп бір күннің ішінде техниканың моторын шашып-жинаймыз. Бұл орақ науқанында тоқтамай еңбек етуге мүмкіндік береді. Өзге шаруашылықта комбайндары сынып қалса, жаңа сайманның келгенін бірнеше күн бойы күтеді ғой.

40 жылдан астам тәжірибесі бар білікті механизатор жастарды еңбек етуге шақырады. Азамат зейнетке шықса да серіктестікте жұмыс істей бергісі келеді.

 

Нұрасыл Ахмет