Білім

Тарихи тұлға: Жұмағали Тілеулиннің туғанына – 135 жыл

Биыл таудан биік тұлға саналатын, ұлт мақтанышы Жұмағали Тілеулиннің туғанына – 135 жыл. Қасиетті Айыртау топырағына кіндік қаны тамған арда ұлды халыққа таныстыру, жастарға өмір жолы мен еңбегін насихаттау мақсатында атақты жерлесіміз атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінде ғылыми-практикалық конференция өтті. Теріскей тумасы – “Алаш” қозғалысының қайраткері, дәрігер, педагог, жазушы және ағартушы. Ол аққайыңдар өлкесіндегі алғашқы білімі бар маман саналады.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің директоры:

— Округ болған кезеңде біздің денсаулық сақтау бөлімін ең бірінші басқарған. Ең бірінші Педагогикалық техникумның директоры болған. Қазақстанды алғашқы зерттеу қоғамы жергілікті филиалының басшысы болып, музейді құруға тікелей араласқан. Біз Жұмағали жайлы сөз қозғасақ, “ең бірінші”, “тұңғыш” деп жиі айтамыз.

Жұмағали Тілеулин атан түйеге жүк болар жауапкершілікті арқалады. Бойында қазақтың қаны тулаған азамат қарагөздердің көзі ашық, көкірегі ояу болғанын, төрден орын алғанын қалады. “Айқап” журналы мен “Қазақ” газетінде денсаулық сақтау және білім беру мәселелеріне арналған мақалалар жариялады, “Алашорда” үкіметінің мүшесі атанды. Бұл билікке ұнамады, көп ұзамай ұлттың қамын ойлаған ұлға солақай саясатты сойылы тиді.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің директоры:

— Қазақстанға гигиена оқулықтарын жазған. Ұлттың дамуын көздеген. Осы іс-әрекеттері сол кездегі идеологияға қайшы келді. Ол 1929, 1937 жылдары сотталды. Ал 1938 жылы ату жазасына кесілді.

Ғылыми-практикалық конференцияға Жұмағали Тілеулиннің туыстары да қатысты. Бекет Тілеулиннің әкесі – “Алаш” қайраткерінің ағасы. Немере інісі ретінде таныстырылған азамат тау тұлғаның және балаларының тауқыметке толы тағдырымен жақсы таныс.

БЕКЕТ ТІЛЕУЛИН, Жұмағали Тілеулиннің немере інісі:

— Балалары бар. 3 баланың әкесі. Үлкен ұлы – Ерік. 1919 жылы туған. Одан кейін Азиз бен Серік дүниеге келді. Ерікті ауру деп соғысқа алмаған, Сібірге еңбек әскеріне аттанған. Сонда ауырып, 1945 жылы өмірден өткен.

Ал Азиз техникум бітірген. Болашағынан зор үміт күттірген жігіт те жалындаған жастық шағында дүние салды. Жер-жерде қудалау көрді. Себебі, бұлар – “Халық жауының” балалары.

БЕКЕТ ТІЛЕУЛИН, Жұмағали Тілеулиннің немере інісі:

— Серік ағамыз медициналық институтты үздік бітірген. Аспирантураға түсуді қалаған. Алайда, оны қабылдамаған. “Халық жауының” баласы болғаны үшін түсірмеген.

Алқалы жиын барысында бұдан өзге де аса маңызды деректер айтылды. Зарқын Тайшыбай, Жақсыбай Самрат сынды өңірге танымал азаматтар сөз сөйледі. 1930 жылы ашылған Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі былтыр Жұмағали Тілеулиннің атын алды. Қазір мұнда 6 мамандық бойынша 1200 жуық студент оқуда.

 

Байболат Құлтанов