Құқық қорғау органдары

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев учаскелік инспекторлармен кездесті

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Мәлік Отарбаев полиция департаментінде учаскелік инспекторлармен кездесті. Жиында тәртіп сақшылары Мемлекет басшысының кеңесшісіне көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.Облыстың бас полицейі Айдын Қабдұлдиновтың сөзінше, биыл аймақта құқықбұзушылықтардың саны өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға азайған. Қылмыстарды ашу көрсеткіші 62 пайызға дейін ұлғайыпты. Бұл өңір полицейлерінің жүйелі жұмыс істеп жатқандығын көрсетеді.

АЙДЫН ҚАБДҰЛДИНОВ, СҚО ПД бастығы:

— Қазіргі таңда облыста полиция қызметі цифрландырылуда. Заман игіліктері қылмыстың бетін жедел арада ашуға мүмкіндік береді.

Алда жоспар көп. Елімізде ендігі жылы “Цифрлық учаскелік инспектор” қосымшасы іске қосылады. Жүйе полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз етпек. Оның көмегімен қағазбастылық азайып, арыздар электрондық нұсқада қабылданады. Одан қалды, бұл жаңашылдық тұрғындар мен учаскелік инспектордың уақытын үнемдейді.

Мәлік Нұржанұлының әкесі де талай жылдар бойы тәртіп сақшысы болып еңбек еткен екен. Сондықтан оған полиция қызметі жақсы таныс. Мемлекет басшысының кеңесшісі қоғам тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген жандарға бар жағдай жасалуы тиіс деп есептейді.

МӘЛІК ОТАРБАЕВ, ҚР Президентінің кеңесшісі:

— Тәуелсіздікті нығайту – бәрімізге ортақ міндет. Осы бағытта барлығымыз бірлесіп жұмыс атқаруымыз қажет.

Цифрлық технология мен жасанды интеллектіні пайдаға жаратуымыз тиіс. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылған. Биыл облыс аумағында 20 ақылды камера орнатылыпты. Бұл қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтарды анықтап, өз учаскесінде кезекшілікте отырған полицейге бірден жеткізеді.

 

Нұрасыл Ахмет