Балалар

Ерекше бала тәрбиелеп отырған аналардың жан айқайы

ЛЮЦИЯ САУТОВА, “Наш КОД ДЦП” ҚБ төрайымы:

— Мен 1-ші топтағы бала тәрбиелеп отырмын. Толғатып жатқанымда сәби инсульт алды. Сол ұлымның өміріне әсер етті. Бізге жөнді көңіл бөлінер емес. Қарапайым пандус мәселесі шешілмей отыр. Осыдан 2 жыл бұрын пәтер алдық. 3-ші қабатта тұрамыз. Түсіп-көтерілгенше балам қиналып кетеді. Біз де қажыдық.

Ал Вероника Мацконың 7 жастағы баласы өмірге келу кезінде жарақаттанған. Оның омыртқасы мен жұлыны зақымданыпты. Содан бері әке-шешесінің бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Тырнақтай болса да оң өзгеріс бар. Соны бір қалыпта ұстау үшін үнемі дәрі-дәрмек ішу қажет. Өкінішке қарай, елімізде эпилепцияға қарсы препараттар жеткіліксіз.

ВЕРОНИКА МАЦКО, қала тұрғыны:

— Дәріні тек бірінші келген жандар алып үлгереді. Бір адамға 3 қаптамадан ғана сатылады. Бұл жеткіліксіз. Көрші Омбыға үнемі қатынап, 2 есе қымбат бағаға алуға мәжбүрміз. Себебі, балам дәріні тұрақты түрде ішпесе, жағдайы нашарлап, көз жұмуы да мүмкін.

Пандусқа қатысты мәселеге Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің жергілікті департаменті жауапты. Мемлекеттік орган өкілдері қоғамдық бірлестік атынан шағым түспегенін алға тартты. Яғни, өтініш болса ғана жұмыс жүргізіледі екен. Талап бойынша Петропавлда 1569 нысанда пандус болуы қажет. Бүгінгі күні тек соның 600-інде тиісті жағдай жасалған. Жоспарды сұрадық. 2027 жылдың соңына дейін тізімдегі барлық ғимаратта пандус пайда болуы міндетті. Қолдау мұнымен шектелмейді.

АЛТАЙ СЕЙІТОВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

— Жыл басынан 721 бала 1518 оңалту құралымен қамтамасыз етілді. 84 бала санаторлық-курорттық ем алды. Сонымен қатар, үйде оқитын 265 ерекше балаға 23,2 млн теңге көлемінде әлеуметтік төлемақы жасалды. Бұдан басқа, өңірде 2 медициналық-әлеуметтік мекеме бар. Мұнда 119 бала арнаулы әлеуметтік қызмет түрін алуда.

Ал дәрі-дәрмек тапшылығына қатысты сауалмен облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарластық. Жауаптылар тапшылық тіркелмегенін сенімді түрде хабарлады. Мәселені тиісті органдардың араласуымен жіті қарауды қажет ететін сыңайлы. Жалпы, бүгінде өңірде мүгедектігі бар 2 жарым мыңға жуық бала тұрады.

 

Ақтолқын Солтанханқызы