Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлеріне шеберлік сабағы өткізілді. Оларға әдіс-тәсілдерді басқа-басқа емес, бокстан Әлем чемпионы Наталья Богданова мен оның жеке бапкері Дастан Қабденов және белгілі кикбоксшы Аслан Асылбек көрсетті.
ДАСТАН ҚАБДЕНОВ, Наталья Богданованың жеке бапкері:
— Ең алдымен адамдар жаттығар алдында қашықтықты сақтауы қажет. Кейін тәсілдерді меңгеруге болады. Тура соққы, қапталдан соққы жасалады.
Спортшылар қолмен шабуылдан қорғану, қарсы соққы жасау және қарсыласты залалсыздандыру тәсілдерін көрсетті. Чемпиондарға бұл оп-оңай. Ал тәртіп сақшыларына қиындық тудыруы мүмкін. Дегенмен, олар кез келген жағдайға дайын болуы қажет. Спорт әр адамға керек. Ол -физикалық күш, ол – салауатты өмір салты.
МАНАР ҚАБАЙ, СҚО бойынша ҚАЖД сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс тобының инспекторы:
— Шеберлік сабақтары бізде ай сайын ұйымдастырылып тұрады. Одан бөлек арнайы үйірмелер де жұмыс істейді.
Шара соңында қатысушылар спортшылармен суретке түсті. Өз кезегінде чемпиондар мамандарды әрқашан салауатты өмір салтын ұстануға шақырды және қызметтерінде сәттілік тіледі.
Мәдина Қаби