Булаев орман шаруашылығының жалпы аумағы – 8 мың гектар. Биыл орманшылар соның 300-ден астамына 2 мыңнан астам ағаш отырғызуды жоспарлап отыр. Көктемде жоспардың жартысы орындалған, ал қазір қалған бөлігі егілуде. Мамандар ауа райы қолайлы болып тұрған сәтті пайдаланып, жұмысты тезірек аяқтауға тырысуда.
Аталған орман шаруашылығында 70-тен астам маман еңбек етеді. Олардың арасында зейнет жасына жетсе де сүйікті ісінен қол үзбей жүрген тәжірибелі қызметкерлер бар. Солардың бірі – орман шебері Ғалы Абабаев. Ол бұл салада 25 жылға жуық тер төгіп келеді.
ҒАЛЫ АБАБАЕВ, Булаев орман шаруашылығының орман шебері, М. Жұмабаев ауданы:
— Жұмысыма әбден үйреніп алдым. Зейнетке де осы жерден шықтым. Таза ауада жүрген ұнайды. Жылда ағаш егеміз. Келесі жылға ағаш дайындаймыз. Қыста оны күзетеміз.
Булаев қаласының маңында орман шаруашылығына қарасты уақытша тұқымбақ орналасқан. Мұнда 20-ға жуық ағаш түрі өсіріледі. Булаев орман шаруашылығы аудан бойынша ағаш түрлерін ең көп өсіретін мекемелердің бірі саналады. Тұқымбақтың жалпы аумағы 2 жарым гектардан асады. Мамандар жыл сайын өзге өңірлерден ағаш көшеттерін әкеліп, жерсіндіріп көреді. Легіп кетсе, тұқымын жинап, келесі жылға қалдырады. Мұнда орман шаруашылығының мамандары тұрақты түрде бақылау жүргізеді.
ГЕОРГИЙ СЕРЕБРЕННИКОВ, Булаев орман шаруашылығының инженері, М. Жұмабаев ауданы:
— Менің негізігі міндетім – тұқымбақтағы ағаштарға күтім жасау. Сонымен қатар, орман шеберлерінен тапсырмалар қабылдап, ағаш көшеттерін ауыстырып, күтіп-баптап отырамыз. Бұл салаға мен 2020 жылы “Жастар практикасы” арқылы келген едім. Кейін өз қалауыммен осында қалдым.
Тұқымбақтағы көшеттерге күтім жасайтындардың 10-ға жуығы – нәзікжандылар. Олар күн сайын арамшөп жұлып, жас ағаштардың жайқалып өсуіне жағдай жасайды.
ФИРУЗА ҚАБДУЛОВА, Булаев қаласының тұрғыны, М. Жұмабаев ауданы:
— Бұл жерде істеп жатқынам 11 жылдай болды. Жұмысым өзіме ұнайды. Таңғы 09:00-де жұмыс басталады. Күні бойы арамшөп жұламыз.
Қазіргі таңда Булаев орман шаруашылығының қарамағында 4 орманшылық бар. Төртеуінде де күзгі ағаш егу жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар 2027 жылға дейін 5 млн-ға жуық ағаш отырғызуды жоспарлап отыр.
Мәдина Қаби