Аптадағы маңызды жаңалықтарАуыл шаруашылығы

СҚО-ға жұмыс сапарымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі келді

Өңірге жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров келді. Ведомство басшысы облыстық әкімдік қабырғасында теріскейлік тауар өндірушілермен қауышып, саладағы маңызды тұстарға тоқталды. Аққайыңдар өлкесінде орақ науқаны аяқталуға жақын. Биыл ауа райы қолайлы болды, ал әрдайым арық сөйлеп, семіз шығуды көздейтін диқандар күн-түн демей еңбек етуде. Іскер жандардың және мемлекет қолдауының арқасында қамба астыққа толды. Алқалы жиын басында соңғы деректермен аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов бөлісті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Өңірде дәнді дақылдың 5 жарым млн тоннасы жиналды. Жалпы түсімділік жаман емес. Шығым 19,6 центнерді құрап отыр.

Мұндай жетістікпен кеуде қағып мақтана аламыз. Марқаятын тағы бір жайт бар. Ағымдағы жылдың 8 айы ішінде өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласында жүздеген млрд теңгенің тауары өндіріліпті. Солтүстік Қазақстан – көш басында тұрған аймақ

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

— Өнім көлемі 255,7 млрд теңгеге жетті. Нақты көлем индексі 109,3 пайызды құрады. Бұл – елдегі бірінші орын.

Өңірдің еңбексүйгіш адамдары бұдан да биік белесті бағындыра алады. Бүгінде мемлекет тарапынан саланың барлық бағытына бұрын үш ұйықтасақ түске кірмейтін қолдау көрсетілуде, қаржы бөлінуде. Соны сала өкілдері тиімді пайдаланғандары абзал. Ал ол үшін жер-жерде ақпараттандыру жұмысына қарқын қосқан жөн.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

— Мал шаруашылығын айтатын болсақ, биыл айналымға 50 млрд теңгені құрайтын қолдау енгізілді. Пайыздық мөлшерлеме 5 пайызды құрайды. Осыларды шаруалар білу қажет.

Осы және өзге де дерек шекпенділер мен шаруалардың барлығына жетуі және жалпыға түсінікті болу үшін Ауыл шаруашылығы министрі Астанадан бірнеше қаржы ұйымының басшыларын әкеліпті. Солардың әрқайсысы мінберден баяндама оқып, мүмкіндіктерді жіпке тізді. Астық түсімінің мол болуына байланысты өңірдегі кейбір элеваторлар толып қалған. Бұл екі аяқ бір етікке тығылар шақта алаңдатарлық мәселе. Оны шешудің өзіндік жолы бар.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

— Біз элеваторларды босатамыз, жаңа ғана тапсырма бердім. Егер диқан 10 мың гектардан астам жерге егін ексе, өздері астық сақтау орнын, кептіру кешенін тұрғызу салу қажет.

Келелі кездесуде ауыл шаруашылы тауарын өндірушілер тарапынан бірнеше сұрақ қойылды. Сауалдардың бірі субсидияға қатысты болды. Жергілікті диқандардың арасында мемлекеттен тиісті ақшаны ала алмай жүргендер бар екен. Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов бастаған жауапты тұлғаларға өзекті мәселені шешу бойынша тапсырма берді.

 

Байболат Құлтанов