ТЖ

СҚО-да мыңнан астам үйге датчик орнатылды

Мына жұмыр дүниенің бір жанұяны құтқарарлық қауқары бар. От тұтанып, түтін шыққанда шырт ұйқыда жатқан жандарды оятады.
Жеке статистика жүргізілмегенімен, пайдасының бары айдан анық дейді мамандар. Төтеншеліктер әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларды аралап, өрт датчигін тегін орнатып беруде.

КҮЛЗАЙРА ДЖУРУМБЕТОВА, қала тұрғыны:

— Мамандардың бізді елеп-ескеріп келіп жатқандарына үлкен рахмет. Енді қателіктерімізді біліп, дұрыстайтын боламыз.

Джурумбетовтардың көршілерінде 5 бала бар. Мамандар мұнда да датчик орнатып, пештің жағдайы мен оның қолданылуына баса мән берді.

СВЕТЛАНА КАСЕНОВА, қала тұрғыны:

— Біз пешке ұқыптымыз. Жанына ештеңе қоймаймыз, балалар мүлдем жоламайды. Жолдасым таңертең жұмысқа кетердің алдында жағып кетеді, сол күні бойына жетеді. Ал датчикті мамандар өткен жылы орнатқан болатын, биыл жаңасына ауыстырып берді.

Төтеншеліктер түсіндіру жұмыстарына тамыз айынан қызу кіріскен. Биыл 24 мың отбасының жартысына жуығымен жүздескен. Сондай-ақ, жыл басынан бері мыңнан астам датчик орнатылыпты.

ДИНА ЖАПАРОВА, СҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері:

— Халықтың назарын аудару үшін осылайша жер үй тұрғындарына келіп, қауіпсіздік шараларын түсіндірудеміз.

Өрт статистикасына тоқталсақ, биыл облыста 360 оқиға тіркелді. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 20 пайызға көп. Өрттен 19 адам қаза тапқан. Оның 3-еуі – бала. Келген материалдық шығын көлемі 200 млн теңгеден асып жығылады.

 

Мәдина Қаби