Денсаулық сақтау саласының жілігін шағып, майын ішкен ардагерлер қошеметке бөленді. Салтанатты жиынға өңіріміздің түкпір-түкпірінен 40-қа жуық абзал жан қатысты. Бұл жандардың еңбегінің арқасында өңірде қаншама жан ажал аузынан аман қалды. Адал қызметі мен өңірдің мадицина саласының дамуына зор үлес қосқан бірқатар азамат облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Жиында сөз сөйлеген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәкен Әмрин ақ халатты мамандардың қоғам өмірінде алатын орнына тоқталды.
СӘКЕН ӘМРИН, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
— Дәрігер үшін білімді болу аздық етеді, адамның бойында адамгершілік пен жауапкершілік болу керек. Ақ халатты маман бұл қасиеттерден жұрдай болса, тіпті ең озық технологияның өзінен пайда шамалы. Сіздер – талай адамның өмірін құтқарып қалған нағыз батырсыздар әрі жастарға үлгісіздер. Еңбектеріңіз бен ерліктеріңізге алғысымызды білдіреміз.
Қошеметке бөленген жандардың бірі – Уәлихан Қаражігітов. Уәлихан Базарұлы медицина саласында жарты ғасырдан астам уақыт еңбек етсе де қызметінен кеткісі жоқ. Өйткені, білікті хирург адамға көмектесуді өзінің парызы санайды.
УӘЛИХАН ҚАРАЖІГІТОВ, Қызылжар аудандық ауруханасының бөлімше меңгерушісі:
— Медицина саласындағы еңбек өтілімі 53 жылды құрайды. Өзімнің елім – Шал ақын ауданы. Сол жақта 27 жылға жуық еңбек еттім. Енді міне Бескөлде жұмыс істеп жүрмін.
Жалпы, қазіргі таңда өңірімізде денсаулық саласында еңбек еткен 3 мыңнан астам сала ардагері бар.
Ақтолқын Солтанханқызы