Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Есіл ауданына арнайы барып, ондағы тұрғындармен кездесті. Басқосуға “Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу” тақырыбы арқау болды. Есілдік диқандар Мемлекет басшысының бастамасын қос қолдап қолдайды. Еңбеккерлер заман игіліктерінің арқасында зор жетістіктерге жетіп жүр.
СЕРІК ЖЕНАПИНОВ, “Агрофирма Есильская” ЖШС директоры, Есіл ауданы:
— Биыл 9 мың 200 гектар алқапқа дән септік. Орақ науқанын 90 пайызға аяқтадық. Орташа шығымдылық 24 центнерді құрайды. Зор жетістікке жетуіміздің бірден-бір себебі – “Cooperations” қосымшасы. Заман игілігінің арқасында үйде отырып-ақ алқаптағы жағдайды біліп отырдық. Осы арқылы егініміздің бітік шығуына арналған түрлі жұмыстар атқарылды.
Келелі кездесу барысында Есіл ауданына қарасты ауылдық округтердің даму қарқыны баяндалды. Қазіргі таңда Петровка ауылдық округінде 3 ауыл бар. 1200-ден астам адам тұрады. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Себебі, елді мекендерде тұрғындарға бар жағдай жасалған. Биыл ауылдардың барлығы орталықтандырылған сумен қамтылады. Халықтың әл-ауқатын арттыратын әлеуметтік нысандар да бой көтерген.
ОРАЛБЕК ҚОҢҚАБАЕВ, Петровка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:
— Биыл Петровка ауылында жаңа медициналық пункт салынды. Мектебіміз күрделі жөндеу көрді. Өткен жылы хоккей кортын қолданысқа бердік. Бірер күнде балаларға арналған спорт алаңын ашуды жоспарлап отырмыз.
Шара барысында тұрғындар ардагерлер мен жастар арасындағы сабақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті. Мәлік Нұржанұлы бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді. Себебі, ақсақалдар мен ақжаулықтылардың кеңесіне құлақ асқан жас ешқашан түзу жолдан таймайды. Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев тұрғындарға, бірлігіміз мен тірлігіміз жарасса ғана толағай табыстарға жете алатынымызды айтты.
МӘЛІК ОТАРБАЕВ, ҚР Президентінің кеңесшісі:
— Президентіміз ішкі және сыртқы саясатты жүйелі түрде жүргізіп келеді. Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау – әр қазақстандықтың басты міндеті. Сол себепті, бәріміз бірігіп, мемлекетіміздің дамуына үлесімізді қосайық.
Жасанды интеллектіні дамытпай жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Мәлік Нұржанұлы сөзінің соңында жергілікті әкімдік өкілдері мен кәсіпкерлерге заман игілігін пайдаға жаратуын сұрады.
Нұрасыл Ахмет