Қатерлі ісік жастар арасында жиілеп барады. Бұл – облыстық онкологиялық орталық мамандарының пікірі. Қыз-келіншектердің арасында сүт безі мен жатыр ісігі жиі кездесетін болған. Дәрігерлердің айтуынша адамның өмір салты, қоршаған орта мен созылмалы стрестің әсерінен гормондық фон бұзылады. Салдарынан аталған ағзаларда ісіктің қатерсіз түрі пайда болады. Тексеріліп, емделмеген жағдайда ол қатерлі түріне айналуы мүмкін.
ҚАЗЫБЕК ТОХТАНОВ, облыстық онкологиялық орталықтың хирург-дәрігері:
— Егде жастағы жандардың арасында сүт безінің обырына шалдығуы көп кездеседі. Алайда, соңғы жылдары жас қыздардың ауруы жиіледі. Мысалы, 2024 жылы 39-34 жас аралығында бұл ауруға 4 адам шалдыққан, ал биыл 3 пациент тіркелген.
Статистикаға келетін болсақ, облыста өткен жылы онкологтардың есебінде 2320 адам болса, биыл бұл сан 50 науқасқа өскен. 9 айдың ішінде қатерлі ісіктен 33 жан көз жұмған. Осы орайда мамандар 40 жас пен 70 жас аралығындағы нәзікжандыларға кем дегенде 2 жылда бір рет, ал одан жастары жылына бір рет маммографиялық тексерістен өтуі тиіс екенін еске салады.
Өңірде жатыр ісігіне шалдыққандардың ең жасы – 16-дағы бойжеткен. Мамандардың айтуынша мұндай диагноз қойылған жандардың орташа жасы – 26 мен 34 аралығында.
НАИДА НАБИУЛЛИНА, облыстық онкологиялық орталықтың онко-гинекологы:
— Жыл басынан бері өңірде жатырдың ішкі қабатының қатерлі ісігімен 36 адам есепке алынған. Қазір дәрігерлерге 700-ден астам адам қаралып жүр. 9 айда аталған дерттен 13 адам көз жұмды. Әйелдер қауымы жыл сайын тексерістен өтіп тұрулары қажет. Жатырдың ішкі қабатының ісігі ерте кезінде анықталса оны жатырды алмай-ақ емдеуге болады.
Уақытылы тексерістен өту қатерлі ісікті бастапқы сатысында анықтауға мүкіндік береді. Ерте табылған дертті емдеу де жеңілірек. Тұрғындарды өз денсаулығына қатысты қандай да бір сұрақтар мазалап жүрсе, қазанның 18-і, яғни сенбі күні облыстық онкологиялық орталықта өтетін “Ашық есік күні” шарасына келе алады.
Ақтолқын Солтанханқызы