Ауыл шаруашылығы

Айдарбек Сапаров СҚО-ның ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарымен танысты

Өңірде орақ науқаны жоспарлы түрде жүріп жатыр. Негізгі басымдық – өнім жинау сапасына, техникалық қамтамасыз етуге және агротехнология талаптарын сақтауға берілген. Осы мақсатта Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қызылжар ауданына барып, жергілікті диқандармен кездесті. Министр олардың сұрақтарына жауап беріп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.

— Қазір барлығын мал шаруашылығымен айналысуға бағыттап жатырмыз. Басқаша болмайды. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бізде өсім бар, енді мал басын көбейтуіміз керек. Сондай-ақ өңдеуді жолға қою қажет. Сондықтан ет те, сүт те өндіру маңызды. Неге осы бағытта жұмыс істемеске.

Қазіргі таңда облыста дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың 2,9 миллион гектары жиналды. Бұл — жалпы егіс алқабының 95 пайызы. Сонымен қатар, қазірге дейін 5,6 миллион тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарынан 19,6 центнерді құрап отыр. Бұған қоса осы уақытта майлы дақылдар 599,8 мың гектар алқаптан жиналды. Орташа өнімділік гектарынан 11 центнерді құрап отыр.

ПАВЕЛ РАФАЛЬСКИЙ, ЖШС директоры:

Бүгінгі таңда дәнді дақылдарды жинау жұмыстары аяқталды. Орташа өнімділік гектарынан 25 центнерді құрады. Қазір майлы дақылдарды – рапс пен күнбағысты жинау жүріп жатыр. Апта соңына дейін толық аяқтау жоспарланған. Жақсы өнімге қол жеткізу мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында мүмкін болды. Арзандатылған тыңайтқыштар алынып, машина-трактор паркі жаңартылды. Мемлекеттік бағдарламалар аясында дизель отынына жеңілдік берілді. Соның нәтижесінде биыл тұрақты әрі мол өнім жиналды.

Сонымен қатар Айдарбек Сапаров өңіріміздің ең ірі кәсіпорындарының бірі – «Зенченко және К» компаниясына да барды. Қазіргі таңда мұнда 8 мың басқа арналған ірі мал шаруашылығы кешенін салынып жатыр. Бұл жоба тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ең ірі кешен болмақ. Жоба құны – 9 миллиард теңге. Кешеннің жобалық қуаттылығы – жылына 26 мың тонна сүт өндіреді.

— Жобалық құрылым 7 ғимараттан тұрады. Оның ішінде әрқайсысы 1 280 басқа арналған 3 ірі қора бар. Фермадағы басты ерекшелік — бір уақытта 90 басқа арналған жоғары технологиялы сауу қондырғысы. Ол бір сағаттың ішінде 700 басқа дейін саууға мүмкіндік береді. Бұл жоғары өнімділікті және тиімділікті қамтамасыз етеді. Қондырғы Германияның «Вестфалия» компаниясынан сатып алынған.

Айта кеткен жөн, келер жылы өңірде құны 17 миллиард теңге болатын 22 инвестициялық жоба жүзеге асады. Оның ішінде 7 мың басқа арналған 11 сүт фермасы бар. Жылына 47 мың тоннаға дейін сүт өндіру жоспарланған.

 

Нұрасыл Ахмет