Жұмыс сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәселе толғандырған агроқұрылым басшыларын қабылдады. “Целинное-2004” серіктестігінің директоры Серік Ибраев өтінішпен келіп отыр. Ол жасымық тұқымының жаңарғанын қалайды.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
— Тұқым өсіру басқармасы бар. Аталған басқарма өкілдері Серік Ибраевтың өтініші негізінде жасымықтың тұқымын жаңартып, солтүстік өңірге сай келетінін ұсынуы қажет. Сосын сатып алу кезінде субсидия төленуі тиіс. Мәселені бақылауға аламыз.
Ғ. Мүсірепов ауданының тағы бір кәсіпкері – Мустафа Гулиев. Азамат мал шаруашылығын мықтап қолға алғысы келеді.
МУСТАФА ГУЛИЕВ, “Агрофирма “Приишмский” ЖШС директоры, Ғ. Мүсірепов ауданы:
— Біз 1200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салдық. Несие алдық. Дания еліндегі әріптестерімізбен байланыс орнатып, шартқа қол қойдық. Сол жақтан мал әкелеміз. Субсидия төленеді, соның көлемін арттыруға бола ма? Осы бағытта қолдау қажет.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
— Бұл мәселені көтердік, тиісті органдарға өзіміздің ұсынысты жолдадық. Экономика және Қаржы министрліктері қолдаса, әр аналық басқа төленетін субсидия мөлшері 400-ден 700 мыңға артады. Арадағы айырмашылық үлкен деп ойлаймын. Осыны күтіп отырмыз.
Бұл өзгерістің отандық малға да қатысы болады. Сонымен қатар, ұсақ мал бойынша берілетін субсидияның көлемі артпақ.
Байболат Құлтанов