Петропавлға «Достық көпірі» халықаралық мәдени жобасы аясында ресейлік Қорған филармониясының әртістері келді. Шығармашылық ұжым теріскейліктерге арнап 24 музыкалық нөмір дайындаған. Сахна төрінде вокалдық композициялар орындалды. Көрермендер көрші мемлекеттен келген өнерпаздарды жылы қарсы алды. Оны жиі соғылған шапалақтан көруге болады.
МАРИНА КИЧЁВА, Қорған филармониясының бөлім меңгерушісі, РФ:
— Күні кеше ғана Қорған драма театры солтүстікқазақстандықтардың алдында өз өнерлерін көрсетті. Ал бүгін біз Қорған филармониясының концертін тамашалауда. Петропавлда Ресейге танымал солистерімізді, түрлі халықаралық байқаудың лауреаттарын алып келдік.
Теріскейліктерге әсіресе “Цветень” атты фольклорлық ансамбльдің өнері ерекше ұнады. Олар этно-поп стилінде ән салды. Айта кету керек, өнер ұжымы көптеген дүбірлі байқаулар мен фестивальдерде тұғыр биігінен көрінген.
СТАНИСЛАВ БЕЛИНСКИЙ, «Цветень» фольклорлық ансамблінің жетекшісі, Қорған қаласы, РФ:
— Біз көне халық әндерін архивтерден алып, орындаймыз. Туындыны сәл өңдеп, заманауи форматқа келтіреміз. Қазіргі таңда мұндай шығармалар – трендте, яғни, көптің көңілінен шығады. Жалпы, бұл біздің Петропавлға алғаш келуіміз емес. Бұған дейін де облыс орталығында жеке концертімізді берген болатынбыз.
Шетелдік өнерпаздар 26 жыл бойы көрермендердің жүрегінен орын тауып келеді. Айта кету керек, енді Ақан сері атындағы облыстық филармония ұжымы Қорғанға қонаққа барады. Жергілікті ұжым 5-ші қараша күні ресейлік көрермендерге арнап концерттік бағдарлама ұйымдастырады.
Ақтолқын Солтанханқызы