Петропавлда акциз маркасы жоқ 130 мың қорап темекі жойылды. Өңірге көлденең жолмен жеткізілген тауарды Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары анықтаған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, жақында нүкте қойылды. Бүгін сот қаулысы орындалмақ.
ВИКТОРИЯ АЛПЕЕВА, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы:
— Табак өнімі 2024 жылы тәркіленді. Сақтау, тасымалдау және сатумен айналысқан Петропавл қаласының 4 адамына қатысты 2 қылмыстық іс қозғалды. Тергеп-тексеру жұмыстары жарты жылға созылды, кейін сот үкімін күттік. Күдікті тұлғалар жазаланды. Олардың бас бостандығы 1 жыл 6 айға шектелді. Ал қазір заңсыз темекіні жою бойынша жұмыспен айналысамыз.
Департамент өкілдері қылмыстық істі майшаммен қараған. Сонда заттай дәлелдер де табылыпты. Бүгінде ондаған миллион теңгенің дүниесі ала жіпті аттаған иелеріне тиесілі емес.
ВИКТОРИЯ АЛПЕЕВА, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы:
— Жауапқа тартылған тұлғалардан Next маркалы ГАЗель мен Toyota Land Cruiser көлігі тәркіленді. Бұлар қылмыс жасау барысында қолданылған. Соттың шешімі бойынша жылжымалы мүліктер мемлекет есебіне өтті. Екеуінің құны 60 млн теңгеден асады.
Контрафактілік өнім жағылмайды. Арнайы қондырғының көмегімен ұнтақталады. Яғни, ауаға қалдықтар тарап, қоршаған ортаны ластамайды. Темекіні жою жұмысымен айналысатын мамандар осыны назарға алыпты.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
— Заңсыз темекі өнімдеріне сауда орындарында жол жоқ. Олар осындай тәсіл арқылы жойылатын болады. Мамандардың дерегінше, темекі Қырғызстаннан жеткізілген. Тиісті құжаттары жоқ. Жалпы сомасы 100 млн теңгеден асып жығылады.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті мамандары бақылауды күшейтпек. Шенділер осы сынды заңсыз өнімдерді жоюға қашан да ниетті.
Байболат Құлтанов