Білім

Кәсіптік бағдар беру – заман талабы

Қазіргі таңда жоғары сынып оқушыларының көбі өз қалауын, қандай бағытты таңдарын білмей жатады. Соның салдарынан мамандық таңдаудан қателеседі. Жоғары оқу орнын аяқтағанымен жаны қалайтын жұмыс таба алмайды. Бұл – қоғамдағы өзекті мәселенің бірі. Аталған олқылықтың орнын толтыру мақсатында “Сенімен болашақ” ұйымы мен білім басқармасы әдістемелік орталығының өкілдері меморандумға қол қойды. Қос тарап алдағы оқу жылында қала және аудан мектептеріндегі ұл-қыздарға кәсіптік бағдар береді.

ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, “Сенімен Болашақ” РҚБ СҚОФ жетекшісі:

— Биыл 3 мектепті қамтуды жоспарлап отырмыз. Жобаны бастардың алдында облыстағы ахуалды зерттедік. Өңірде жұмысшы мамандар аз. Бастаманың арқасында бұл статистика әжептәуір төмендейді деп ойлаймын.

Қос ұйымның мамандары аталған 3 мектептің жоғары сынып оқушыларына түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Түрлі мекемелер мен серіктестіктерге ертіп апарады. Бұл жастарға кәсіптік бағытты дұрыс таңдауына септесері сөзсіз. Осы ретте тағы бір мәселенің бетін ашсақ. Кейбір ұл-қыздар ҰБТ-дан 100 балл жинаса да жоғары оқу орнына грантқа түспей жатады. Себебі, олар құжаттарын сұраныс көп білім ордаларына тапсырады. Ұйым өкілдері жастарға осы тұрғыда да жан-жақты көмек береді.

ӘЙГЕРІМ УӘЛИЕВА, №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінің директоры:

— Бұл меморандумның мектебіміз үшін маңызы зор. Оқушыларымның өзі қалаған мамандық пен дұрыс бағытты таңдағанын қалаймын.

Жанат Мұхамеджановтың сөзінше, ұйым былтыр да 3 мектепте кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізген. Биыл ондағы оқушылардың 90 пайызы жоғары оқу орындарына түсіпті.

 

Нұрасыл Ахмет