НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
— Целинное – Ғ. Мүсірепов ауданындағы шоқтығы биік ауылдардың бірі. Елді мекенде 500-ден астам адам тұрады. Тұрғындардың саны жыл сайын артып келеді. Себебі, мұнда оларға бар жағдай жасалған.
Арнамыздың түсірілім тобы жыл сайын қарқынды дамып келе жатқан ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты. Елді мекенде атқарылып жатқан игі істер жетерлік. Оған мұрындық болып отырған ел ағасы – Серік Ибраев. “Целинное-2004” серіктестігінің басшысы қазіргі таңда өз жұмысшылары мен ауылға көшіп келемін деген жандарға арнап 8 пәтерлі баспана салуда. Әр үйдің ауданы 100 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Айта кету керек, кәсіпкер әр баспананы өз қаражатына салуда. Бұған дейін де елді мекенге көшіп келген жандарды да тұрғынжаймен қамтыпты.
СЕРІК ИБРАЕВ, “Целинное-2004” ЖШС директоры, Ғ. Мүсірепов ауданы:
— Ауылға жас мамандар мен еңбеккерлер көптеп келсе екен деймін. Оларға бар жағдайды жасаймыз. Елді мекеннің дамуына пайдасын тигізсе болды.
Бұл – Серік Кенжетайұлының ауыл үшін жасап жатқан игі істерінің басы ғана. Мәселен, осыдан 6 жыл бұрын мына бір дәрігерлік амбулаторияның жағдайы бас шайқатарлық күйде болды. Кәсіпкердің қолдауының арқасында 2020 жылы нысан күрделі жөндеу көрген. Нәтижесінде ғимараттың іші адам танымастай өзгеріпті. Жаңарған мекемеге су жаңа қондырғылар да әкелінген. Ауыл тұрғындары емделу үшін 90 шақырым жердегі аудан орталығына барып жүрмейді. Себебі, мұндағы білікті мамандар оларға тиісті көмек көрсетеді. Қоса кетейік, ағымдағы жылы ауылға жас дәрігерлер де келген екен.
ТАМАРА МАКАРОВА, Целинное дәрігерлік амбулаториясының аға медбикесі, Ғ. Мүсірепов ауданы:
— Дәрігерлік амбулаторияда лабаратория, ЭКГ, акушерлік және ем-дом кабинеттері бар. Бізге келген пациент ең алдымен бас дәрігердің қарауынан өтеді. Содан соң бізге келіп тиісті ем-дом қабылдайды. Мекемеде емдеуші мен емделушер үшін бар жағдай жасалған. Осы үшін Серік Кенжетайұлына алғысым шексіз.
Бұл – Целинное орта мектебі. Білім ұясында 100 оқушы білім алады. 20-ға жуық ұстаз жұмыс істейді. Серіктестіктің арқасында оқу орны да орталықтандырылған жылумен қамтылған. Жыл сайын орташа жөндеу кереді. Биыл мектепке жаңадан 18 бала келіпті. Бұл ауылдағы жасалып жатқан жағдайдың арқасында деп айтуға толық негіз бар.
Мектептің мұражайы жайлы ауыз толтырып айтуға болады. Кабинеттің іші өткен мен бүгіннен сыр шертеді. Мұнда ауылдың тарихы бүге-шүгесіне дейін жазылған құжаттар мен құнды дүниелер жетерлік. Оқу орнына биыл 3 жас маман келген. Білім ұясында тіпті облыстың қиыр шетіндегі Уәлиханов ауданынан келген ұстаз жұмыс істеп жүр. Ернұр Сәкен – Қозыбаев университетінің түлегі. Қазіргі таңда ол оқушыларды ағылшын тіліне баулып жүр.
ЕРНҰР СӘКЕН, Целинное орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі, Ғ. Мүсірепов ауданы:
— Бізге жергілікті серіктестік жаңа үй берді. Әріптестерім де жақсы қарсы алды. Мектепке де үйренісіп кеттік. Тұрғындар да қолдан келгенше көмектесіп жатыр. Ауылға келгеніме еш өкінбеймін. Елді мекенде қалғым келеді.
Мектеп оқушылары серіктестіктің есебінен тегін аспен қамтылған. Балаларға асханада арнайы мәзір бойынша түрлі тағам дайындалады. Азық-түлік аудандық санитарлық бөлімінің тексерінен өткен.
Ауылда ауыз толтырып айтарлық жетістіктер жетерлік. Соның бірі – сабанмен жылытылатын орталық жылу жүйесі. Орама арқылы түгел елді мекенді жылыту қаражатты да үнемдейді, экологияға да зиянын тигізбейді.
СЕРІК ИБРАЕВ, “Целинное-2004” ЖШС директоры, Ғ. Мүсірепов ауданы:
— Сабанмен жылыту жүйесіне 15 жыл бұрын көштік. Биыл қазандықтар түгелімен күрделі жөндеу көрді. Қондырғылардың барлығын Польшадан әкелдік. Қазіргі таңда күніне 45 орама жағамыз. Ауылды жыл бойы жылумен қамтамасыз ету үшін жылына 12 мың бума сабан пайдаланылады. Ондаған миллионға көмір сатып алғанша осы жүйені қолданған мың есе артық.
Ынтымағы мен татулығы жарасқан ауылда осыдан 4 жыл бұрын дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылған. Кез келген ауыл тұрғыны орталыққа келіп, спортпен шұғылдана алады. Нысанда керекті спорттық құрал-жабдықтардың бәрі бар. Елді мекеннен жақын арада облыстың атын шығаратын чемпиондар шығатынына сенім мол.
СЕРІК ИБРАЕВ, “Целинное-2004” ЖШС директоры, Ғ. Мүсірепов ауданы:
— Елді мекен тұрғындарының барлығын астықпен қамтамасыз еттік. Серіктестігімде 200-ден астам адам жұмыс істейді. Жалақыларын жыл сайын өсіріп отырамын. Орақ науқанына қатысқан жұмысшылар миллиондап ақша алды. Алда жоспар көп. Ауылды дамыту үшін бар күшімді саламын. Ең бастысы халқым риза болса болғаны.
Ауылды аралау барысында бірнеше тұрғынмен тілдестік. Олар елді мекенде барлығы ұнайтынын, ешқашан көшпейтіндерін жеткізді.
ЛЮБОВЬ НИЗАМОВА, Целинное ауылының тұрғыны, Ғ. Мүсірепов ауданы:
— Ауылда тұрғындарға бар жағдай жасалған. Бәріміз серіктестікте жұмыс істейміз. Жалақымыз көңілден шығады. Мәселелеріміз болса бірден Серік Кенжетайұлына хабарласамыз. Ол бізге бірде-бір рет “Жоқ” деп айтып көрген емес.
Жоғарыда айтқандай, елді мекенде 500-ден астам адам тұрады. Өңірімізде Серік Кенжетайұлы сияқты жомарт жандар көп болса, экономикамыз да қарыштап дамиды.
Нұрасыл Ахмет