Өңірде орақ науқаны жалғасып жатыр. Тың дерекпен ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Тоқожинов бөлісті. Бүгінге дейін диқандар 2 млн 676 мың гектардағы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жиған. Бұл – егістік жердің 88 пайызы. Қамбаға 5 млн тоннадан астам астық жеткізілсе, гектар берекелігі 19,4 центнерді құрайды.
ДӘУРЕН ТОҚОЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
— Сонымен қатар, 522,9 мың гектардағы немесе егістік жердің 53,4 пайызындағы майлы дақылдар орылды. 577 мың тонна өнім бастырылды. Шығымдылық көрсеткіші 11 центнерді құрайды. Картоп 5,1 мың гектардан жиналды. Бұл бағытта жұмыстың жартысы тындырылды. Көкөністер де жиналып жатыр.
Жақында биылғы өнімге белгіленген баға да жарияланды. Ағымдағы жылы форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша облыста 65 тауар өндіруші қаржыландырылыпты. Берілген ақша – 7,5 млрд теңге. Енді диқандар Азық-түлік келісімшарт корпорациясына 146,7 мың тонна астық қайтаруы тиіс.
СЕРІК ЫБЫРАЕВ, “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ СҚО өкілдігі директорының орынбасары:
— Дән маңызы 27 пайыз немесе одан жоғары 3-ші сыныптағы бидайға 115 мың теңге бекітілді. Бұл – ең жоғары баға. Егер дән маңызы төмендесе, астық құны да төмендейді. 4-ші сыныптағы бидай 82-80 мың теңгеден алынады. Арпаға да тоқталу қажет. 2-ші сыныптағы арпа 75 мыңға бағаланды. Ал майлы дақылдарға қатысты баға алдағы уақытта жария етіледі.
Есеп айрысуға келсек, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар қарашаның 1-ші жұлдызына дейін тапсырылуы тиіс. Ал майлы өнім аталған айдың 15-іне дейін корпорация бекіткен жерге жеткізілуі міндетті.