БілімМәдениет

Әлеуметтік педагогтердің бірінші өңірлік фестивалі өтті

Әлеуметтік педагог – балалардың, жасөсіпірімдер мен отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешуде көмектесетін мамандар. Қазан айының 2-сі – сала мамандарының кәсіби мерекесі. Осы датаға орай бүгін өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген әлеуметтік педагогтар 1-ші өңірлік фестивальде бас қосты. Шараға “Әлеуметтік педагог мамандығының қырлары: тәжірибе және шабыт” атауы берілген. Мұнда мамандар өзара тәжірибе алмасады. Ұстаздар арасында Ақмола және Қарағанды облыстарынан келген білікті мамандар бар.

ШАКИЗАТ ИКЕНОВА, психологиялық қолдау орталығының әлеуметтік әдіскері, Қарағанды облысы:

Біздің орталықтың жұмыс істеп жатқанына бір жыл болып қалды. Осы аралықта ауыз толтырып айтарлықтай іс атқарылды. Оның арасында шешімін тапқан да, таппаған да мәселе бар. Бүгінгі іс-шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Күтерім де, аларым да көп. Осы мамандардан тәжірибе алып, өз өңірімізде оны жүзеге асырамын деп жоспарлап отырмын.

Сонымен қатар, шара барысында “Кадрдағы әлеуметтік педагог: өмірден бір күн” атты байқауының үздіктері марапатталды. Қалалық №1 арнайы мектеп-интернатының әлеуметтік педагогы Гүлнәр Қабиденова “Іс әрекеттегі кәсібилік” номинациясында 1-ші орын иеленді. Нәзікжандының ұстаздық еңбек өтілі 40 жылға жуықтаса да әлеуметтік қызмет саласына былтыр бет бұрған.

ГҮЛНӘР ШАЙМЕРДЕНОВА, қалалық №1 арнайы мектеп-интернатының әлеуметтік педагогы:

Бұл салада жұмыс істеп жүргеніме көп болмаса да мойнымдағы жауапкершікті айтып жеткізе алмаймын. Мәселесімен жүгінген баланың жүзіндегі күлкіні көріп бойыңды мақтаныш сезімі кернейді. Осы сезіммен қоса барлық жұмысымды қыр-сырын 3 минуттық бейнематериалда көрсетуге тырыстым.

Жалпы, бүгінгі таңда облысымыздың мектеп, колледж және әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінде 400-ден астам әлеуметтік қызметкер еңбек етеді.

 

Ақтолқын Солтанханқызы